ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 19 БІЛІМ ОШАҒЫ САЛЫНАДЫ

0

Жамбыл облысында 2024-2025 жылдары 41 білім нысанының құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 19 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында өткен тамыз кеңесінде айтты.

 

Биыл білім саласына 319,2 миллиард теңге бөлінді. Инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

2024-2025 жылдары 41 білім нысанының, оның ішінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 12 мектептің құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылды.

Жыл соңына дейін 19 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталады деп көзделуде. Нәтижесінде 2 апатты, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, сондайақ оқушы орны жетіспейтін 10 мектептің мәселесі шешіледі.

2025 жылы қалған 22 білім беру нысанының құрылысы жүргізіледі.

Бұдан бөлек, 4,3 миллиард теңгеге 10 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Оның ішінде, 9 білім ұясы мен 1 мектептен тыс мекеме бар.

Білім беру мекемелерін құралжабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге қаржы қаралды.

— Бұл жұмыстардың сапалы, әрі мерзімінде орындалуы маңызды. Білім және құрылыс басқармаларына, қала, аудан әкімдеріне бақылауды күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкім.

 

Тамыз кеңесінде Ербол Қарашөкеев жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханаларына қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды. Жаңа оқу жылында 1-4 сыныптағы 71 230 бала, сондай-ақ жекелеген санаттағы 43 198 оқушы ыстық тамақпен қамтылады.

— Дені сау ұрпақ – сапалы ұлттың негізі. Мектеп оқушыларының құнарлы тамақпен қамтылуына ерекше ден қою қажет, – деді облыс әкімі.

Биыл көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақ, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге 5,6 миллиард теңге бөлінді. Киім-кешекке бөлінген қаржы ата-аналардың жеке шоттарына аударылды.

Өңірде «Мейірім жобасы» аясында нәтижелі жұмыстар жалғасуда. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 137 балаға 96 мекеме әлеуметтік қолдау көрсетуде. 1 256 баланың Отбасы банктегі шотына бекітілген мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындар 71 миллион теңге қаржы аударды.

Жамбыл облысының дарынды оқушылары мен ұстаздары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда топ жарып, аймақ абыройын еселеуде.

Биыл дарынды оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 467 медаль иеленді.

Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы топ жарып, 15-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда», сондай-ақ биыл олимпиада қортындысы бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды.

«WorldSkills» республикалық чемпионатына 25 студент қатысып, 16-сы жүлделі орынға ие болды (алтын – 2, күміс – 2, «Үздік маман» медальоны – 12).

Білім бәсекелерінде өңір педагогтері де жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Халықаралық академик Асқар Жұмаділдаев атындағы және IMPACT ашық шығармашылық байқауларында математика, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 18 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте республикада I орынды иеленді. Бұдан бөлек, олимпиадалар мен байқауларда 81 ұстаз жүлделі орындарға ие болды.

— Ұрпағымыз білімді болса, болашағымыз жарқын болары сөзсіз. Дарынды балаларымыз – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келісті келбеті. Өңірде мақтан тұтарлық дарынды оқушылар мен жастарымыз баршылық, олардың жетістіктері қуантады, – деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

Аймақ басшысы кеңес барысында  кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеп, балалармен жан-жақты жұмыс жүргізуді қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Барлық білім ұялары 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылған. Қазіргі таңда аналогтық бейнекамераларды цифрлық бейнекамераға ауыстыру жұмыстары қатар жүруде. 594 білім беру ұйымының 68,4 пайызы интеграцияланған, 80,5 пайызы дабыл түймесімен жабдықталған. Бұдан бөлек, 75,5 пайызы мамандандырылған күзет және турникетпен қамтамасыз етілген.

Ербол Қарашөкеев білім басқармасына аталған жұмыстарды жалғастырып, кезең-кезеңімен аяқтауды ескертті.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты мәселелер, шағымдар мен ұсыныстар болған жағдайда байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Jambyl-109» сенім телефоны барлық мектептерге орнатылды. Білім басқармасына қарасты психологиялық қолдау орталығында оқушылар мен олардың ата-аналарына, ұстаздарға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетіледі.

— Балаға сапалы білім, мықты тәрбие беру негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Бұл тұрғыда ата-ана мен педагог қауымға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Ұрпақ тәрбиесі тек ұстаздың ғана емес, баршамыздың парызымыз! Тәрбие сапалы болуы үшін балаға мектептің, ата-ана мен қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет.

Жақсы ұстаз, білікті мектеп басшысы ең бірінші баланы намысты, рухы жоғары, елі мен жерінің патриоты етіп тәрбиелеуге күш салуы керек.

Отбасынан басталатын тәрбие жақсы ұстаздан, тәрбие ошағы — мектептен жалғасын табуы тиіс. Бала тәрбиесі – баршаға ортақ болғандықтан, жас ұрпақты саналы азамат етіп тәрбиелеу – ең негізгі міндетіміз, – деді облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев полиция қызметі, психологтер, мектеп ұжымы мен ауыл әкімдерінің алдына бірқатар міндеттер қойып, балалармен жан-жақты жұмыс жүргізуді қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Шара барысында аймақ басшысы білім беру жүйесін дамытып, жетілдіруге елеулі үлес қосқан педагогтерге құрмет көрсетті. Қордайлық №7 Бетқайнар колледжі үздіктер қатарынан көрініп, «Ең үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясын иеленіп, білім беру саласында үздік атанды. Сонымен қатар, «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, 1 миллион теңгелік сертификатқа ие болды. Дәл осындай 1 миллион теңгелік сертификатпен Қордай ауылындағы №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі марапатталды.

Жамбыл облысы әкімінің  баспасөз қызметі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.