ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ – ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

0

Осыдан бір жыл бұрын, Алғыс айту күні меркесінде ауданымызға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен келген болатын. Ақпан оқиғасы орын алғаннан кейін ай өтпей жатып Қордайға ат басын бұрған Мемлекет басшысы тұрғындармен кездесіп, содан кейін Қордай ауданын гүлдендіруге Үкімет пен облыс басшылығына пәрмен берген еді.

Қаракемерде болған кездесуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы ырыс пен берекеге бастайтын бірлік пен татулық турасында толғанған еді.

Төл халқымыздың шынайы қасиеттері, болмысы қандай болуы керек? Бұл, ең алдымен, кеңшілік, жомарттық, жайсаңдық, жасампаздық деген сөз. Біз басқа ұлттарға, өзге елдерге өнеге, үлгі көрсетуіміз керек. Қазақ халқы бейқам, жалқау, еріншек, оның қолынан ешқандай жұмыс келмейді деген жағымсыз әңгімелерді доғару қажет. Бірақ осындай теріс пікірлерді тоқтату үшін өзіміздің еңбекқорлығымызды көрсетуіміз керек, – деп Мемлекет басшысы ақсақалдарды ұрпақ тәрбиесінде белсенділік танытуға шақырғаны әлі есте. Тұрғындармен кездесу барысында Президент Тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы шын мәніндегі мемлекет құрушы ұлтқа айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекетіміздің болашағы үшін ерекше жауапкершілік арқалаған ауыл ақсақалдары осы бағытта жұмыс жүргізіп, елдегі береке-бірлікті нығайтып, жастарымызға дұрыс жол көрсетіп, тәрбие беруі керектігі де айтылды.

Ұлтаралық татулық – біздің ең бас-ты құндылығымыз. Сондықтан оған сызат түсірмеуіміз керек, – деген еді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданына жұмыс сапарында аудандағы дүнген диаспораларының өкілдерімен де кездесіп, Қазақстан достықтың, бейбітшілік пен келісімнің, сондай-ақ, барлық этникалық топтардың ортақ отаны болып саналатынын атап өтіп, еліміз түрлі тарихи жағдайларға байланысты, қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алғанын турасында сөз еткен еді.

Бейбітшілік пен келісімнен бастап экономикалық даму мәселесіне де аса мән берген Президент, соның аясында бірқатар тапсырмалар жүктеп, бүгінгі таңда қордайлықтар оның жемісін көруде. Жалпы, өткен жылы Қордай ауданына мемлекет қазынасынан 35,1 млрд теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба іске асырылған. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында құрылыс-жөндеу жұмыстарына 21,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа аудан бойынша 3 мектептің құрылысы, 5 көпқабатты тұрғын үй, 6 ауыз су жүйесі, 7 инженерлік инфрақұрылым, 4 спорт кешені, 4 қазандық, елді мекендерді газдандыру, 4 мектепті күрделі жөндеу, 6 денсаулық сақтау, түрлі деңгейдегі 274 жолды қалпына келтіру және тағы да басқа жұмыстар қолға алынған. Сонымен қатар, аталған жобалар аясында 4 630 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыға 13 құрылыс жобасы іске асса, одан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша 198 жоба қолға алынды. Бұл жұмыстардың өзі талай уақыттан бері өзекті болып келе жатқан мәселелерге нүкте қойды.

Соның ішінде ірілеріне тоқталып өтсек, 2020 жылы Президент тапсырмасымен осы уақытқа дейін Қордай тұрғындары үшін газдандыру мәселесі де өзекті болып келді. Биыл да бұл мәселенің түйіні тарқап, 22 елді мекенді газбен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 248 шақырымды құрайтын үлкен жобаға 11 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 41 елді мекеннің 34-і, яғни 146 600 тұрғын газбен қамтамасыз етілетін болады. Сол сияқты, аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2,7 млрд теңгеге Арал, Қаракемер, Өтеген, Кенен ауылдарымен қатар, Қордай ауылының «Батыс» алқабы мен Отар ауылының жаңа алқаптарында ауыз су құбырларының құрылыстары жүргізілген болатын.  Ал, құны 5,3 млрд теңге болатын «Қордай» өткізу пунктін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, Гвардейский қалашығында биологиялық-иммунды препараттар, оның ішінде коронавирус індетіне қарсы вакцина шығаратын зауыт құрылысы бүгінде аяқталуға таяу. Жобаның жалпы құны 6,9 млрд теңгені құрайды. Аталған зауытты іске қосу 2021 жылдың наурыз айына жоспарланған.

Мемлекет басшысының ауданымызға сапарынан кейін қолға алынған қыруар тірлік биыл да жалғасатын болады.

Ж.Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.