Бәйтерек ауылында жаңа мектеп ашылды

0

1 қыркүйек – Білім күніне орай Қордай ауданының Бәйтерек ауылында 150 орындық жаңа орта мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиғаны жергілікті тұрғындар ауыл үшін маңызды әрі қуанышты күн деп бағалап отыр.

Мектептің ашылу салтанатына аудан басшылығы, ауылдың құрметті ақсақалдары, ата-аналар, ұстаздар және оқушылар қатысты. Жаңа мектеп ғимараты барлық қажетті құралдармен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сыныптар кең әрі жарық, зертханалар мен компьютерлік сыныптар заманауи технологиялармен жабдықталған. Сонымен қатар, мектепте оқушылардың денсаулығы мен спорттық қабілеттерін дамытуға арналған спорт залы, кітапханасы, асханасы және медициналық кабинеті бар.

2023 жылы басталған мектептің құрылысы «Темирстройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген болатын. Жобаны жүзеге асыру барысында мердігер компания барлық қажетті құрылыс нормалары мен талаптарын сақтай отырып, құрылысты сапалы жүргізді.

Мектептің ашылуы республика көлемінде өткізіліп жатқан тұжырымдамаға сәйкес барлық білім беру мекемелерінде ұйымдастырылған «Мектебім — мейірім мекені» тақырыбындағы салтанатты шарамен ұласты. Бұл шараның мақсаты — жаңа оқу жылын мерекелік көңіл-күймен бастау және әрбір оқушы үшін мектептің мейірімділік пен білімнің ордасы екенін көрсету болды.

Осылайша, жаңа оқу жылының алғашқы күнінде ауылдың бүлдіршіндері жаңа сыныптарда білім алуға қадам басты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі ауылдағы білім беру сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, мектеп оқушыларына сәттілік тіледі. Аудан басшысы жаңа білім ордасынан болашақта зейінді, жан-жақты білімді жастардың түлеп шығатынына сенім білдірді.

Бұл білім ордасы ауыл балаларының сапалы білім алуына жағдай жасап қана қоймай, олардың болашақтағы жетістіктерінің бастауы болатыны сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.