АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА…

0

«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық», сол оймен шаруагер ауылдарға арнайы сапарлап шыққан біздің маңдай бұрған нысанамыз Ноғайбай ауылдық округін қоныс етіп отырған «Мухамбет» шаруа қожалығы болды. Осы ретте, қожалық басшысы Жамбылбек Амантайұлынан қожалықтың тыныс-тіршілігін сұрап білген едік

Дәл қазір шаруалардың қасындағы адамға бұрылып қарауға уақыттары жоқ, жиын-терім науқанының аяқталар шағы. Қордай ауданының қай округіне, қай ауылына барсаңыз да қызу жұмысты, қарбалас тірлікті көресіз. Теріңді төксең қара жер де адамды құр тастамайды. Адал еңбек ету арқылы, ұрпағының бойына еңбек пен адалдықтың дәнін сепкен өнегелі отбасылар, еңбек адамдары арамызда көп. Маңдайы шып-шып терлеген диқандар ерте көктемнен бергі тынымсыз еңбегінің жемісін көріп жатыр. Ноғайбай ауылының аумағында орналасқан шаруа қожалығы ісін мұнан біршама уақыт бұрын бастаған. Қожалық төрағасы Жамбылбек Жүнісқұловтың айтуынша, шаруа қожалығын 1998 жылы құрған екен. Иелігіндегі 35 гектар егіс алқабына арпа, бидай дақылдарын отырғызып, жиын-терін жұмыстары сәтті аяқталғанын айтуда. Қазақ халқының қанына сіңген, қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан атакәсібі мал шаруашылығы екені даусыз. Онымен қоса, малшаруашылығымен айналысып, елудің үстінде сиыр, жиырмаға тарта жылқы ұстап, мал бордақылап, оны табыс көзіне айналдырып отырғандырдың бірі осы «Мухамбет» шаруа қожалығы. Сонымен қатар, шаруашылықтағы қат-қабат тірлікті тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырып жүрген ағайынды бауырларының үлесі зор екендігін тілге тиек етуде.

«Мен осындай еңбек десе жанып тұратын қолғабыс жасаушы бауырларыма өте ризамын. Біз үш ағам, бір інім бірігіп, ынтымақтаса еңбек етудің арқасында табысқа кенеліп отырмыз. Осыдан үш жыл бұрын құс шаруашылығын да дамытуды қолға ала бастадық. Қазіргі таңда, бройлер тұқымды тауықтар саны 1500 басқа жетті. Алматы қаласына ет өнімі түрінде саудалап тұрамыз»,-дейді Жамбылбек Амантайұлы.

«Еңбек еткенге бақыт басын иеді» дейді қазақ. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп жүрген құрылым басшысы, ауыл ішінде өзге де кәсіп дөңгелеткен жандармен бірлесіп, ізгілікті де игілікті іс-шараларға атсалысып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп тұратынын айта кеткен жөн.

«Ағайын тату болса, ат көп, Абысын тату болса, ас көп» деген. Әрине, мұның барлығында ынтымақ-бірлігі жарасқан ағайындылардың татулығы мен қажырлы еңбектің қолтаңбасы айқын көрініп тұрғаны анық. «Мухамбет» шаруа қожалығының жұмысы жемісті болсын деп тілейміз!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.