БҰҰ-дағы қордайлық қыз

0

Жерлесіміз Әбітбекова Аягүл Серікжанқызы Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі – зияткерлік меншік жөніндегі дүниежүзілік ұйымның Женева қаласындағы (Швейцария)  еуропалық бөлімінің сарапшысы қызметіне кірісті.  

1980 жылы  Алға ауылында дүниеге келген Аягүл   аудан орталығындағы  Балжан Бөлтірікова (бұрынғы Карл Маркс) атындағы № 4 орта мектептің 1997 жылғы түлегі. 2003 жылы Қордайда түсірілген «Саған күшік керек пе?» көркем фильмінде ойнаған. ҚазМҰУ-де және Тұран университеттерінде жоғары заңгерлік білім алды. АҚШ-тың әйгілі  Дьюк университетінің  магистратурасын және Ресей мемлекеттік зияткерлік меншік академиясын бітірген.

А.Әбітбекова алты жылдай АҚШ-та  Дьюк университетінде (әлемдегі ең үздік 20 университетінің қатарында) білімін шыңдап, Вашингтондағы  заңгерлік  фирмада тәжірибеден өтті. Елімізге оралып Әділет министрлігінде, Ұлттық зияткерлік меншік институтында  бірқатар  іргелі жобалар мен бастамаларға атсалысты.  Оның тікелей қатысуымен 2023 жылы сот дауларының 90 пайыздан астамы сәтті шешімін тапса, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы және Еуропалық Одақ судьясының қатысуымен Қазақстандағы соттарға арналған оқыту вебинарын өткізді. Аягүл сонымен қатар АҚШ Патенттік және сауда белгілері жөніндегі бюроның әлемнің зияткерлік меншік кеңселеріне арналған жаһандық тәлімгерлік жобасының  тәлімгері.  Қазақстандағы аймақтық брендтердің, соның ішінде «Алматы апортының»  да  тіркелуіне үлес қосты.  Ол арнайы басылымдарда жарияланған бірқатар   жариялымдардың авторы.

Қордайлықтар өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары он жылдай Қордай аудандық мәдениет бөлімін басқарған Серікжан Әбітбековты ұмыта қойған жоқ. Бүгінде Астанада тұратын жерлесімізді тұңғыш қызы Аягүлдің халықаралық деңгейдегі жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтаймыз!

Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист 

Leave A Reply

Your email address will not be published.