Менің мамандығым- менің таңдауым

0

Мамандық таңдау-болмашы қадам емес, бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы. Келешек өміріңде өкінбейтіндей, өз ақылы, қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Мамандықтың жаманы жоқ, әйтсе де, жүрегіңнің қалауы мен икемің қатар жүретін мамандық кемде-кем. Осыдан-ақ белгілі, мамандық таңдау бей-жай қарап, 4 жыл оқуын тәмамдай салатын нәрсе емес, үлкен талап пен жауапты қажет ететін іс. Сондықтан, болашаққа қадам басар алдында “жеті рет өлшеп, бір рет кескен” абзал.

Соңғы уақытта, ЖОО (жоғарғы оқу орнын) бітірген жастарымыздың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспауы таңғаларлық жайт емес. Не болмаса, кей жастарымыздың “студент” атанған шағында “Осы мамандыққа амал жоқ, біреудің айтуымен түсіп едім”-деп қынжылып отыратыны да осыдан. Сол себепті, бұл туралы 9-шы не 11-ші сыныпта емес, неғұрлым ерте ойлану керек деген ой түйдім.

Бала өмірге келген сәттен-ақ оның жолында небір қиындықтар кездеседі. Сол кезде өзінің тәжірибесімен бөлісетін адам сол баланың өмірінде өшпес із қалдырады. Біздің жағдайымызда бұл, әрине— ата-ана. Мамандық таңдауда өз жүрегің мен ақылыңның қалауы емес, ата-анаң армандаған мамандықты таңдау бізге жөн әрекет көрінетіндей. Бірақ, бұл өзі жек көретін немесе немқұрайлы қарайтын мамандықта оқып, диплом алып, ең жақсысы өз профиліңнен тыс жұмысты істейтін кейбір жастарды үлкен трагедияға алып келеді. Ең сорақысы, адамның жек көретін кәсібінің бауын тартуы. Неге? Мысалы, үйдегілер қалауымен өзің ұнатқан мамандыққа емес, дәрігерге бардың делік. Жақсы жерде жұмыс жасайсың, қабылдауыңа келген адамдар еш күмәнсіз саған өмірін тапсырады. Бірақ өзіңнің жұмысқа деген құштарлығың, ниетің мен қызығушылығың жоқ. Тіпті, қалай жұмыс істейсің?, адамдарға не деп кеңес бересің? Сұрақ астында… Ең қызығы, сөреде тұрған санаулы дәрінің неге жарарын ұғасың ба, жоқ па, бір құдайға тапсырдың. Сенің тиісті мамандықты таңдамауың— өзіңе ғана қамшы емес. Өзіңмен бірге айналаңдағылардың да өмірін улап жатқандығыңды түсінген жөн.

Тағы бір алаңдатарлық жайт— баланың қай мамандық түрін таңдайтынын өзі білмеуі. Әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар. Қай салаға барам десең де, өз еркің мен өз әрекетің. Бұл қадам ұзақ уақыт пен тиісті түсінікті талап етеді. Ең алдымен, біз өзіміздің әлсіз және күшті қасиеттерімізді, мінезіміз бен ерекшеліктеріміз туралы хабардар болуымыз керек. Соған орай, қай мамандық түрі сәйкес келетінін мақсатты түрде ойлап, білген де абзал.

Сонымен, бұл жай күнелту, тамақ тауып, өзіңді асыраудың жолы емес, үлкен өнер мен зор шеберлікті талап ететін нәрсе. Кей жастар мамандық таңдау ережесін білмейді. Ақырында, өз мамандығына қанағаттанбаушылық, өкініш пен реніш сезімдері маза бермейді. Әрбір адам өзін-өзі дамыту үшін керекті білімдерін алып, соған сай өзі таңдаған мамандыққа жүрегімен машықтанса, әлбетте, өз мамандығының шебері атанары сөзсіз деп сенемін.

Инаят Серік, ҚазХҚ және ӘТУ, 1-ші курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.