Жарыс алаңында – ерекше балалар

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді.

Жыл сайын үшінші желтоқсанда бүкіл әлемде мүгедектігі бар азаматтар күні аталып өтіледі. Аталмыш дата мүгедектігі бар адамдарға құрмет пен қолдау көрсетуге, қоғамда азаматтардың тең екенін және оны есте сақтау керектігін білдіреді. Сейсенбі күні аудандық «Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» мекемесінің ұйытқы болуымен, бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының спорт кешенінде айтулы күнге орай «Шынықсаң шымыр боласың» атты эстафеталық жарыс ойындары өткізілді. Әуелі аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып,  орталық қызметкерлерінің флешмоб биі әрмен қарай жарысты көріктендіре түсті. Ашылу салтанатының алғы сөзін бастаған орталық директоры Эльнура Мінісқұлова жас қатысушыларды мерекелерімен құттықтай отырып, спортқа белсенділігі мен қызығушылығы артып отырғандарына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі. Бұл жарыс мүгедектігі бар бүлдіршіндерге бос уақыттарын өткізу, белсенді демалыспен айналысу және спорттық шараларға қатысу үшін тең мүмкіндіктер ұсына алды. «Заттармен жүгіру», «Досыңды киіндір», «Тасып жинау», «Доп тебу, «Тату жұптар», «Көлікпен жарыс», сынды бөлімдерден тұрған спорттық шара тартысқа толы өтіп, әр қатысушы орасан белсенділік танытты. Дене мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамастан талантты, спортқа жаны құмар жандар көп. Сондай-ақ, «Көгершін» тобы «Еңбектеп жарысу», «Тізірлеп жарысу», «Көлікпен жарыс», «Кім епті», «Кім жылдам», «Секіртпемен секіру», «Ракеткамен допты алып жүру» ойындарымен жарысқа түсті. Балалар тек педагогтардан білім ғана алып қоймай, дене шынықтыру сабақтарына үздіксіз құштарлықпен қатысатындықтарын, тапсырмаларды тыңдап, тәртіппен орындай алатындықтарын көрсетті. Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды «Болашақ» тобы иеленіп, демеушілердің көмегімен ұйымдастырылған сыйлықтар тарту етілді. Одан бөлек, ерекше көзге түскен Нұрмұхамет, Дильбар, Сабыржан, Нұрсұлтан, Арсений есімді жас спортшылар әділ қазылар алқасы тарапынының ерекше ықыласына бөленіп, арнайы сыйлықтар және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.