Қоршаған ортаны, табиғатты қызғыштай қорғап, келер ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізу барша адамзаттың парызы. Сол себепті жыл сайын жүргізілетін абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық науқаны игі дәстүрге айналып отыр. Биылғы тазалық науқаны жылдағыдан ерекше өтіп, мекеме қызметкерлері мен ауылдық округтердегі тазалыққа жауапты жұмысшылар сенбілікке тек демалыс күндері емес, жұмыс күндері де шығып, қыруар жұмыс атқарды.
Қысқасы, Қордай ауылында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауылдың тазалығына немқұрайлылық танытпаған азаматтар ауа райының қолайсыздығына қарамастан тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалысты. Науқан барысында елді мекеннің тек орталық көшелері ғана емес, сырт жақтары да тазалануда. Осылайша, ұйымдасқан түрде өткізілген сенбіліктерге жүздеген адам қатысып, жол жиектері қоқыстан тазартылды. Мұнымен қоса мыңдаған көшеттер отырғызылып, қураған ағаш бұтақтары кесілді.
Осы орайда аудан орталығындағы ақпараттық баннерлер жаңартылып, қыс мезгілінде көрінбей қалған жол таңбалары қайта боялды. Ауылға көрік беретін, халыққа пайдасы тиетін жаңа нысандар салынуда. Мысалы, Қордай ауылының Тараз қаласынан кіре беріс тұсынан «QORDAI» жазуы бар стелла бой көтерсе, «Қордай» шекера бекетінің маңына заманауи «ақылды» бағдаршам орнатылып жатыр. Ал, Алматы-Шу-Тараз тас жолының қиылысында көрген жанды көркімен тамсандырған ұлттық нақыштағы қыш құмыра мүсіндері орнатылып, жасыл газон төселді. Сонымен қатар, «Георгиевский» магистральді каналы арнасының 4,4 шақырымы арнайы техникамен тазаланды.
— Наурыз айы басталысымен тазалық жұмыстары қолға алынды. Қоршаған ортаның тазалығы денсаулығымыздың кепілі. Сондықтан бұл жұмысты әрбір тұрғын міндет санап, тазалықты өзінен, өз ауласынан бастаса деп ойлаймыз. Бұл қоғамға жасалған, түптеп келгенде өзімізге, өскелең ұрпаққа жасалған қамқорлық болып шығар еді, — дейді науқанға атсалысып жүрген бетқайнарлық Елдос Данетбаев.
Ерте көктемнен басталған көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық екіайлығында бүгінгі күнге жалпы аудан бойынша төрт мыңнан астам ағаш бұталып, екі жарым мыңнан астамы әктелсе, 550 тонна қоқыс шығарылып, 325 апатты күл-қоқыс орны жойылды. Сонымен қатар, жалпы аудан бойынша 195,5 шақырым көше және 55,7 шақырым арық тазаланды. Наурыз айында аудандағы сенбіліктерге 15 мыңға жуық адам қатысты.