Сот жүйесі адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың кепілі болғандықтан, халық әділ соттың орын алуына әркез сенім артады. Ал халық сеніміне лайық болу жолында сот саласы мамандары заман талабына сай технологияларды қолдана отырып, адамдардың сұраныстарына тез арада кері байланыс беру үшін үздіксіз даму жұмыстарын жүргізеді.
Сот жүйесіндегі қызмет көрсету сапасына, сот қызметкерлерінің халықпен қарым қатынасы тікелей байланысты. Сот төрелігін атқаруда сот кеңсесінің алатын орны ерекше.
Сот әкімшісінің басшылары қиын да күрделі саланың бел ортасында жүріп, азаматтардың сотқа жүгіну барысында туындаған сұрақтарына жауап беріп, соттағы әрбір маманға жеке көңіл бөліп, олардың әрқайсысы өз жұмыстарын мінсіз орындауын назарда ұстайды. Бұрын сот саласындағы құжаттар қолмен жазылатын болса, қазір бәрі электронды форматқа көшкен.
Қазіргі таңда мемлекеттік мекеменің жұмысын цифрландыру мақсатында, «Е-өтініш» азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну рәсімдерін жеңілдетуге арналған арнайы ақпараттық жүйе жасақталды. «Е-өтініш» ақпараттық жүйесінің ауқымды мүмкіндіктері туралы таныстыру үшін сот әкімшісінің басшылары мекеме қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады.
Ең тиімдісі азаматтар өтініштерді үйден шықпай-ақ, тиісті мемлекеттік органға электронды түрде жолдауына болады. Мемлекеттік органдардың құзыреті бойынша өтініштердің бағыты автоматты түрде анықталады. Өтініш беруші сұраныстың барлық кезеңдері туралы хабарлама алып, жұмыстың сатыларымен және кезеңдерімен танысады.
«Е-өтініш» жүйесі өтініш берушімен байланыс орнатуға және мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын, қызметкердің жауабының дұрыстығын бағалауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың жауаптары жүйелі талдаудан басшылық құрамның келісімінен өткізіліп, қол қойылғаннан кейін тиісті тарапқа жіберіледі. Құжаттарды цифрландыру өтініштерді қараудың бірыңғай тиімді тәжірибесін қалыптастырады.
Өтініш беру үшін жеке немесе заңды тұлғалар ғаламтор Google кеңейтілген іздеу жүйесімен «Е-өтініш» сөзін теріп, «E-otinish.kz» сайтына өтіп, өтініш беру батырмасын басып, ЭЦҚ-кілтін таңдау арқылы мемлекеттік мекемелерге және уәкілетті органдарға өз сауалдарын жібереді. Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтінішті, сұранысты қарау мерзімі хабарлама келіп түскен кезден бастап, 15 жұмыс күннің ішінде қаралуы керек.
Мемлекеттік мекеменің тірегіне айналған – мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік органның жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасап, заман талабына сай даму үрдісінде қарқынды түрде қызмет атқарады.
С.Сатылдиева, Қордай аудандық соты әкімшісінің басшысы