ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ МЕРЕКЕ

0

Міне, жыл соңына таяп, баршасы асыға күтетін жаңа жыл мерекесі жақындады. Осы сәтте әр балабақша, мектептерде балаларға мереке сыйлау мақсатымен шырша қойылып, керемет ойын-сауық кештері өткізіледі. Ал, аудан әкімінің дәстүрлі шыршасы балғындардың осы қуанышын еселей түсері анық. Бұл жолғы әкімнің шыршасы «Қош келдің, әз-Жаңа жыл!» атымен «Інжу Палас» мейрамханасында өтіп, оған ауданның түкпір-түкпірінен жиналған балақайлар қатысты.

Түрлі түсті дүниелермен безендірілген мейрамхана іші балалардың тәтті күлкісіне толды. Күмбірлеген күйсандықтан танымал әуен естіліп, жиналғандардың көңіл-күйін бір серпілтіп тастағандай. Көңілді кеште балалар түрлі кейіпке еніп, ертегілер әлеміне саяхат жасады. Кештегі ертегі желісі Жаңа жыл иесі «жыланды» қарсы алумен басталды. Кейіннен Мыстан кемпірдің ескі жыл иесі «ұлуды» жасырып, мерекені ұрлап алуынан құтқаруға құрылды. Қазақ ертегілерінің кейіпкері «Ер Тарғын» келіп, Мыстан кемпірмен күресуге көмектесіп, Аяз ата мен Ақша қарды шақыруға үндеді. Аяз ата мен Ақша қар келіп ән салса, түрлі ғажайып кейіпкерлер бүлдіршіндердің көңілін көтеруге тырысты. Ал, кішкентай аудан өнерпаздары флешмоб жасап, би билесе, ертегі кейіпкерлері қызықты ойындарымен бөлісті. Кейін жиналған балалар әсем шыршаны айналып, ән айтып, би биледі.

Балғындардың шаттығымен бөлісуге келген аудан әкімі Бегзат Болатбеков баршасын Жаңа жылмен құттықтап, алға қойған армандар мен мақсаттардың орындалуына тілектес екенін айтты. Балалар кезектесіп өлең оқып, ән айтып, би билесе, Бегзат Сейсенқұлұлы өнерлі бүлдіршіндерге түрлі бағалы сыйлықтар сыйлап, қолын алды. Бұл кешке келген әр бала сыйлықтан құр қалмай, баршасы аудан әкімімен бірлесе суретке түсті. Кейіннен балалар кең жайылған дастархан басына отырып, тәтті торттан ауыз тиді.

«Сіздер – еліміздің келешегісіздер, жаңа Қазақстанның тізгінін ұстайтын азаматсыздар. Отанымызды сүйетін, нағыз мықты азамат болып шығу үшін сіздерге барлық жағдай жасалып отыр. Осы жауапкершілікті жіті түсіне отырып, әрдайым зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар. Жаңа 2025 жыл сіздерге жаңа жетістіктер мен сәттіліктер әкелсін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және толағай табыс тілеймін. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!», – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Сыйлықтарын ұстаған балақайлар мәз-мейрам болып, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Оларға керемет көңіл-күй сыйлаған Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы ұжымының еңбегін ерекше атап өту қажет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.