Жаңа жыл мерекесінде жылдың символына айналған кішкентай тұрғындар дүниеге келіп жатады. Осы жолы жай ғана тұрғын емес алып бала өмірге келді.
Жаңа жылдың бірінші күні, яғни 1 қаңтардан 2 қаңтарға қараған түн Қордай ауданында 10 сәби дүниеге келді. Ал 1-8 қаңтар аралығында жаңа туған нәрестелер саны 53-ке жетіпті. Аудандық орталық аурахананың перзентхана меңгерушісі Елгама Гусейнова дәрігерлердің ауысымының еш қиындықсыз өткенін айтты. Барлық босанулар сәтті аяқталды, аналар мен олардың сәбилері өздерін жақсы сезінуде. Олардың көпшілігі сәби өмірінің бірінші жылын отбасымен тойлау үшін үйлерінен шығарылған.
Ал, 2025 жылдың 6 қаңтарында Қордай аудандық орталық ауруханасында нағыз ғажайып оқиға болды. Салмағы 6 келі 140 грамм болатын шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді! Мұндай оқиға сирек кездеседі және оған куә болған әрбір адам үшін үлкен қуаныш екені анық. Жас ана қиындықтарға қарамастан өзін жақсы сезінеді, қазір жан-жақты қамқорлыққа бөленуде.
Бұл шара Қордай аудандық ауруханасы дәрігерлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының жемісі болды.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдай аудандық ауруханада кейінгі бес жылда болмаған.
«Бала ана сүтімен қоректенеді. Жүкті әйел босануға стационарға түскен кезде іштегі нәрестенің болжамды салмағы объективті түрде есептелді. Халықаралық классификация бойынша жатырдағы баланың салмағы 5 кг-нан асса, жүкті әйел жоспарлы кесарь тілігі арқылы босанады», — дейді Қордай аудандық ауруханасының акушер-гинекологтары.
Алып нәрестенің ата-анасы да ірі, етжеңді адамдар, сол себепті де баланың салмағы ауыр болуы мүмкін, дейді олар.
«Егер жатырдағы нәрестенің салмағы үлкен болса, ағзада қандай да бір асқыну болмау үшін жүктілік кезінде барлық қажетті тексеруден өтіп, дәрігерге үнемі бару өте маңызды. Тамақтануды бақылау керек. Жүкті әйелдің диетасы қалыпты және барлық қажетті қоректік заттардан тұруы керек», — дейді дәрігерлер.
Осындай ерекше сәбидің өмірге келуі отбасы үшін бақыт қана емес, сонымен бірге кез келген сынаққа дайын екендіктерін дәлелдеген бүкіл аурухана ұжымы үшін мақтаныш.
Шолпан САБАНОВА