Еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Олай болса, көпке үлгі бола білген Степное ауылының тұрғыны жайында әңгімелекпіз.
Ұлы Абайдың «Адам еңбегімен ардақты, мінезімен қадірлі» деген нақыл сөзі біз баяндағалы отырған кейіпкеріміз Арзанкүл Сыйқымбаеваға арналып айтылғандай. Әңгімені әріден бастасақ, кейіпкеріміз 1938 жылдың 15 қаңтарында Шарбақты ауылында қарапайым малшының отбасында дүниеге келеді. Еңбекпен шыңдалып өскендіктен болар, ата-анасына қолғабыс жасап, қиын—қыстау заманда ауыртпалықты жұмыла көтеріп есейеді. Содан, Кеңес үкіметі тұсында Красногор ауданындағы он бір жылдық білім ошағын аяқтаған Арзанкүл Бәйтікқызы, ата салтымен Қасық ауылының тумасы Мұқаш Сыйқымбаев деген азаматқа тұрмысқа шығады. Сол шақтан бастап, қызу еңбекке кірісу басталды. Күні кеше отау құрған ерлі-зайыптылар колхозға шопан болып қабылданады. Жылдың төрт мезгілінде де дамыл таппай, маңдайы күнге күйіп, табаны тасқа тиіп, тер төгетін нағыз мал бағушы еңбеккерлердің еңбегі қашанда зор құрметке лайық. Мұнда жауапкершілігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп табаны күректей қырық жылға жуық қызмет атқарады.
«Қызу еңбектің басы-қасында жүріп, әр өткен күніміз қарбаласқа толы болды. Жолдасым Мұқаш екеуміз төрт қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірдік. Өкінішке орай, жолдасым өмірден ерте озды. Біз балалардың болашағы үшін жұмысты адал атқардық. Күн-түн демей малдың соңында жүріп, жазда – жайлауға, қыста – қыстауға шығарып жыл мезгілдерінде жер ыңғайына қарай жайылым алмастырып еңбектендік.
Қазір ол шақтарды ойыма алсам, ертегі сынды көрінуі мүмкін. Алайда, қиындыққа мойымай аудан бойынша толағай жетістіктерге жеттік. 100 бас аналықтан 140 төл алынған кезеңдер болды. Бұл үлкен еңбек. Осы жылдарда жасаған еңбегіміз ескерусіз қалмай, екінің бірі қолы жете бермейтін озат шопан мәртебесін иеленіп, жұмысшылар комитеті атынан ВАЗ «2106» көлігін сыйға алдық. Бұл біз үшін үлкен сый болатын», деп өткенін әңгімелеп берді батыр ана.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялайтынын айтқан еді. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған науқанға сай, Степное ауылдық округінің әкімі Абай Кенжебаев кейіпкеріміздің шаңырағында болып, ұзақ жылғы қажырлы еңбегін бағалап сый-сияпатын табыс-тады.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда қарапайым жұмысшы қызметін атқара жүріп еліне пайда келтіріп жүрген мамандар баршылық. Осы орайда, мектеп түлектері кәсіп таңдауда жауапты қарап, «қандай мамандықты таңдасам, бай боламын» деп емес, «қандай кәсіпті игерсем, еліме пайдам тиеді» деп ойланса, абзалырақ болар ма еді дейсің іштей.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ