АУДАН ӘКІМІ БЕГЗАТ БОЛАТБЕКОВТЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУІ ЖАЛҒАСУДА
Араға апта салып аудан басшысы Масанчи ауылдық округі жұртшылығымен жүздесті. Ауылдық мәдениет үйінде болған жиында өткен жылдың қорытындысы шығарылып, алдағы күндерге нақты жоспарлар белгіленді. Есепті кездесу барысында аудан әкімі Бегзат Болатбеков және ауылдық округ әкімі Хусейн Буларов қалың көпшілік алдында баяндама жасап, игі бастамаларды жұртшылық назарына ұсынды.
Ауыл жұртшылығы асыға күткен кездесуді округ әкімі Х.Буларов ашып, округтегі бюджеттің орындалуы, кәсіпкерлік және бизнес салаларының дамуы турасында жалпы мәлімет беріп, былтырғы жылы орын алған оңды өзгерістерге тоқталды. Ауыл әкімінің баяндамасынан аңғарғанымыздай, ауылдық округте инфрақұрылымды дамыту саласы басшылықтың назарынан тыс қалмапты. Мысалы, өткен жылы Сайран көшесі жарықтандырылды, Күнбатыс-1 ауылында стрит воркаут және балалар ойын алаңшалары бой көтерді, Масаншы ауылындағы Пушкин және Көктем көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, Мәңгілік ел көшесіне тротуар төселді, сонымен қатар елді мекендерді абаттандыруға мықтап көңіл бөлінді. Сондай-ақ, көптен күткен елеулі оқиға – ауруханаға қосымша ғимарат салынып, кеңейтілген болатын.
Өз кезегінде аудан әкімі биылғы жоспарларды тізіп өтті. Биыл Масаншы ауылына баратын 45 шақырым авто жолға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмек. Күнбатыс-2 ауылының бәйділдаев көшесі жарықтандырылмақ, округте жаңадан тағы стрит воркаут алаңшасы мен шағын футбол алаңы салынады, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарының кіре беріс жолдары жөнделетін болады. Тағы бір жағымды жаңалық – Масаншы ауылына дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Демек, жоба мақұлданса, алдағы уақытта жаңа спорт кешені бой көтеруі мүмкін.
Кезек сұрақ-жауапқа жеткенде ауыл ақсақалы Исхар Лоу сөз алып, аудан басшылығына атқарған жұмыстарына алғысын айтты. Сонымен қатар, ол ауылдағы бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан, мектепке дейінгі білім беру мекемесі және оқушыларға жаңа мектеп салу қажеттігін атап өтті. Жиында өзге де тұрғындар сұрақтарын қойды. Олар Қарақоңыз су қоймасын кеңейту, электр бағандарын ауыстыру, бағдаршам орнату, ауруханада флюрография кабинетін ашу сынды мәселелерді көтерді.
Бегзат Болатбеков әр сұраққа жауабын беріп, көтерілген мәселелер басшылық назарында екенін жеткізді. Өз кезегінде тұрғындар аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, істеріне сәттілік тіледі.