ҚОРДАЙДА ЖАҢА ДЕМАЛЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

0

Инфрақұрылым жүйесі қарқынды даму үстіндегі Қордайда ауыз толтырып айтар жетістік көп. Ауданымыздың қайта түлеп, жаңаша жаңғырғаны жайындағы оңды пікірлерді тұрғындар тарапынан жиі естиміз. Туған жердің әр қырқасы кім-кімге болмасын ыстық. Оның табиғатын сақтау, көркейту бүгінгі буынның қасиетті борышы. Ал, қолдағы барды ұқсатып, оны әрмен қарай жандандыра түсу ұрпақ алдындағы азаматтық парыз екендігі рас.

Қазақстан Республикасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық аймақтарын қамтыған нағыз халықтық қозғалысқа айналғаны баршаңызға мәлім. Сәрсенбі аудан орталығының Елім-ай көшесінде орналасқан су қоймасы жағалауынан жаңадан бой көтерген аллея тұрғындар қолданысына ресми түрде берілді. Бұл нысан да «Таза Қазақстан» акциясының нәтижесі деп айтуға толық негіз бар.

Заманауи аллеяның салынуы жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жағымды пікірлерді молынан жинап үлгерген болатын. Осы себептен болар, ашылу салтанатына ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Жаңадан ашылған нысан дәл шекара бекетінің жанынан орналасқандықтан ауылымызға ерекше көрік беретіні сөзсіз. Себебі, алыстан көрініп тұрған жасанды пальма ағаштары өзіне еріксіз назарды аударады. Аллеяның айналасы сәнделіп, маңайына қиыршық тас төселіп, жарықтандыру тіректері орнатылған. Онымен қоса, серуендеушілер демалатын арнайы орындықтар қойылған. Мұнда қырыққа жуық шырша және отыздың үстінде «катальпа» сәндік ағаш көшеттері отырғызылды. Одан бөлек, айналасын көгалдандыру жұмыстары назардан тыс қалмаған. Су қойманың жағажайына пирс жасалып, серуендеуге ерекше көңіл бөлінген. Кішкентай балақайларға арналып ойын алаңшасы да салынды.

Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы қордайлықтарды жаңа аллеяның ашылуымен құттықтады.

— Құрметті жерлестер! «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығында осы маңайды тазарту кезінде жергілікті тұрғындардан су айдыны аумағын демалыс орнына айналдыру жөнінде ұсыныс түскен болатын. Міне, бүгін ауыл тұрғындарының тілегі ескеріліп, Қордай ауылында ерекше мәні бар жаңа аллеяның ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. Бұл аллея – өте маңызды әлеуметтік, тіпті саяси жоба. Оның түпкі мәні – көршілес Қырғыз елі арқылы өтетін жолаушылар мен туристер үшін тек ауданның емес, қуатты Қазақстанның әсем бейнесін көрсету болып табылады. Сондықтан өскелең ұрпақты қоршаған ортаны таза ұстауға баулып, туған жердің табиғатын аялауға үйретейік. Жаңа демалыс орны сіздерге қуаныш пен жайлылық сыйласын! – деп атап өтті аудан әкімі.

Аллеяның ашылу лентасын қию рәсімі Қордай ауданының Құрметті азаматтары Құрманғали Уәли мен Төле Сүгірбайға ұсынылды. Дәстүр бойынша шашу шашылып, ән айтылып, іс-шараға келгендер аудандық өнер мектептерінің суретшілері, шахматшылар, әншілер, күйшілер тобының өнерін тамашалады.

Айта кету керек, жобаның тапсырыс берушісі Қордай ауылдық округі әкімінің аппараты болса, құрылыс жұмыстарына қарқынды кіріскен мердігерлік мекеме аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны. Коммуналдық шаруашылық мамандары аз уақыт ішінде үлкен істі сапалы жасап, ел игілігіне тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.