21 ақпан — Халықаралық ана тілі күніне орай, Тілдерді оқыту коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен мәнерлеп оқу байқауы өтті.
Байқау шартына сәйкес, жасы 16-дан асқан колледж студенттерімен қатар, мекеме қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты. Шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету, барлық тілдерді танып – білу, құрметтеу, тіл мәдениетін сақтау, тілді ұлттық мұра ретінде сезінуге үйрету.
Байқау барысында қатысушылар қазақ ақындарының «Қазақ тілі», «Ана тілі» тақырыптарына арналған өлеңдерін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін ортаға салды.
Белсенді қатысқаны үшін алғыс хат және арнайы сыйлықтармен марапатталғандар қатарында: Вера Моренкова (№7 Бетқайнар колледжінің 1 курс студенті), Гүлзат Бекежанова (Қордай Гуманитарлы-экономикалық колледжінің 2 курс студенті), Алина Сырова (№16 М.Лермонтов атындағы орта мектеп оқушысы), Айнұр Абдұлмақсұт (№7 Бетқайнар колледжінің әдіскері), Раяна Хусез (Береке Гуманитарлы-техникалық колледжінің 1 курс студенті) болды.
Байқау нәтижесінде, жүлделі бірінші орынды Манарбек Рамазанов (№7 Бетқайнар колледжі 1 курс студенті), екінші орынды Салтанат Қылышбекова (Қордай ауылшаруашылық колледжінің, оқытушысы), ал үшінші орынды Айдана Валентин (Береке Гуманитарлы-техникалық колледжі 4 курс студенті) иеленді.
Бұл байқау жастардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытумен қатар, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге септігін тигізді.