«Әулиеата өңірі – ақын-жазушылардың мекені, сөз өнерінің төрі. Ендеше, баршаңызды «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында кітап оқуға шақырамын! Уақыт бөліңіз, кітап оқыңыз, рухани байыңыз! Адамзаттың алыбы Абай: «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге…» деп, кітаптың құндылығын ерекше атап көрсеткен. Ендеше, біз де білім мен руханияттың кілтін кітаптан табайық», – деген аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысында 2025 жылды «Кітап оқу жылы» деп белгілеген болатын.
Кітап – білім бұлағы болса, сол білімнің көзін ашар мұғалім мен кітапханашылар екені мәлім. Заманалар көшінде халықтың көзін ашып, көкірегі оянғаннан кітапқа ден қойып, рухани қуат тапқаны қандай ақиқат болса, содан бері кітапханашылар қызметінің де қадір-қасиеті бірге жасап келе жатқаны да бәрімізге аян. Осы ретте кітап оқу жылына орай Алға ауылы кітапханасының кітапханашысы Рысалды Нұрғайповамен тілдесудің сәті түсті. Әңгімені әріден бастасақ, Рысалды Құнахынқызы 1967 жылы ОҚО, Шолаққорған ауданы, Созақ ауылында дүниеге келген. Алғаш Алматы облысы, Шелек ауданы О.Жандосов атындағы орта мектебінен білім алып, 1987-1989 жылдар аралығында Қаскелең қалалық мәдени ағарту училищесінің «кітапхана ісі» мамандығын игеріп шығады. Сонымен 1989 жылы Алға ауылының тұрғыны Мұхтар Оңалбаев деген азаматқа тұрмысқа шығып, Алға ауылына қоныс аударады. Еңбек жолын 1990 жылы «Алға» өндірістік кооперативінен бастап, бұл қызметте 2004 жылға дейін жұмыс істейді. Кейін 2004-2010 жылдар аралығында Ноғайбай ауылдық округі әкімшілігінің, Алға ауылы бойынша «бас маман» қызметін атқарады. «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз» дейді ғұлама Әл-Фараби. 2008 жылы Алматы қаласындағы орта Азия университетіне сырттай оқуға тапсырған кейіпкеріміз 2011 жылы педагог-психолог мамандығын алып шығады. Содан 2010-2015 жылдар аралығында №34 М.Смағұлов мектебінде әдіскер болып еңбек жолын жалғастырады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, ерінбей, жалықпай еткен еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген Рысалды Құнахынқызы сол жылдары «өзін-өзі тану» пәнінен сабақ беріп ұстаздық қызметін атқарады.
«2015 жылдан бері ауылдық кітапханада кітапханашы қызметін атқарып келемін. Бүгінгі өсіп келе жастқан жас буынның кітапқа деген ынтасы өте жоғары. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың әдеби шығармаларға деген қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген ынта ықыласын көтеру біздің міндетіміз. Мектепішілік іс-шараларға белсене араласып, өз білгенімді қызметтестеріммен бөлісудемін. Сонымен қатар, ауылымызда қоғамдастық төрайымы, әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласудамын», — дейді Рысалды Нұрғайпова.
Иә, әр сала жұмысының өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді емес пе?! Кітапхана саласының да қиындығына төзіп, қуанышына қуана білген Рысалды Құнахынқызының еңбегі көпке үлгі. Өскелең ұрпақ бойына өнегелі тәрбие беруде аянбай еңбек ететін қызметкерлер қатары көбейе берсін!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ