8 наурыз – біздің жүрегімізді шуаққа бөлейтін ананың аялы алақаны, аяулы арда көктемнің алғашқы мерекесі. Жер жүзінің құлпырып, табиғаттың оянуы да осынау шуақты мерекеден бастау алатыны тегін болмаса керек.
Кенен ауылдық округінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ауыл әкімі Арман Жылыбаев қарт аналардың шаңырақтарына арнайы барып, мерекелік құттықтау жасап алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Қарт аналар өздеріне көрсетілген құрметке риза болып, ақ баталарын берді. Олар ауыл әкімдігі мен жастарға алғыс айтып, елдің бірлігі мен ынтымағы арта берсін деген тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай «Amanat» партиясы Қордай аудандық филиалына қарасты Әлжан ана ауылының бастауыш партия ұйымы жетекшісі Шынар Нурсеитова, ауыл әкімі Айдын Асылбек және «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Алишер Аяпберген ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Дина Калекееваны мереке қарсаңында құттықтап, оған партия тарапынан арнайы сыйлықтар табыстады. Бұл күні ақ жаулықты аналарға олардың отбасындағы және қоғамдағы орны туралы сөздер айтылып, шын жүректен алғыс білдірілді. Дина Пайзуллаевна – тек өз отбасында ғана емес, барша ауылдастары үшін өнегелі тұлға, жас ұрпаққа рухани бағдар беретін ақылман ана, мейірімді жан. Әлжан ана ауылының тұрғындары үшін бұл сәтті мереке тек әйелдердің мейірімділігі мен аналық махаббатының символы ғана емес, сондай-ақ партияның әлеуметтік жауапкершілігі мен әрбір азаматтың қадір-қасиетін жоғары бағалау.