Қоғамда өзінің қолға алған жұмысына үлкен жауапкершілікпен кірісіп, көптің көңілінен шығып жүрген азаматтар жетерлік. Газетіміздің «Жұмысшы мамандықтар жылы» айдарында осыған дейін аудан тіршілігіне етене араласып, адал еңбегімен көзге түсіп жүрген жұмысшы маман иелері жайында жазып келдік және алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғаса бермек.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды»,-деген еді. Адал еңбек пен ізгіліктің жарқын үлгісі болған Ерлан Мұрынбаев – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының дәнекерлеуші маманы. Ол 1968 жылы Қордай ауылында дүниеге келген. 1983 жылы №3 Абай Құнанбаев атындағы сегіз сыныптық орта мектепті аяқтаған кейіпкеріміз кәсіп игеруге ынталанып Бетқайнар ауылындағы училищеге қабылданады. Араға үш жыл салып «тракторшы» мамандығын алып шығады. 1986-1988 жылдар аралығында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге Украинаға аттанады. Әскерден елге оралған соң, еңбек жолын 1989 жылы «Путь Ленина» колхозында бастаған Ерлан Сәкенұлы дәнекерлеуші лауазымында он жылға жуық қызмет атқарды. Жауапкершілік жүгін сезінген жігіт ағасы кезінде тіршілігі қайнаған цемент зауытының да дәнекерлеушісі болды.
«2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының дәнекерлеушісімін. Ауыл баласы болғандықтан, ерте жастан еңбекке араласып өстік. Ал еңбектің жалпы адамзатты тәрбиелейтінін, жауапкершілікке баулитынын ақыл тоқтатқан азаматтар айтпай-ақ ұғады. Жалпы дәнекерлеу ісін ауылдасымнан үйрендім. Кейінірек нантабар кәсібіме айналды»,— дейді темірден түйін түйген дәнекерлеуші. Кейіпкеріміздің бұл салада еңбек етіп жүргеніне 36 жыл болған.
«Ерланның қолынан келмейтіні жоқ», – дейді қасында жүрген қатарлас әріптестері. Қызметі дәнекерлеуші болғандықтан жоғары кернеулі электр қуатымен дәнекерлейтін аппараттың қыр-сырын жетік меңгергендігін, берілген тапсырманы лезде орындайтын қасиетін коммуналдық шаруашылық басшысы Қуаныш Байжігітов жоғары бағалауда.
«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай расында да, адам баласы пайда болғаннан бері өзінің қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келеді. Түздегі тіршілікпен үйдегі берекені қатар ойлап, қарапайым ғана еңбек адамдарына үлгі өнеге болып жүрген Ерлан Сәкенұлының жұмысы осындай.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ