Өткен жұмада Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жұмыс сапарымен Қордай ауданына келді. Сапар барысында ол аудандағы бірқатар инфрақұрылым нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. мәртебелі Қонақты аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов қарсы алды.
Облыс әкімінің орынбасары сапарын республикалық маңызы бар «Шу–Қайнар» автомобиль жолының құрылыс учаскесінен бастады. Жұмыс барысы жөнінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының басшысы А.Туғанова ақпарат берді. Құрылыс жұмыстарының қыркүйекке дейін аяқталуы жоспарланғанымен, қазіргі таңда атқарылған іс көлемі 20–30 пайыз шамасында ғана екен.
Жергілікті тұрғындар жол бойындағы шаң мен батпаққа, құрылыс техникасының тоқтап тұруына және қалдықтардың уақытылы шығарылмауына қатысты наразылықтарын білдіруде. Осыған орай Қанатбек Мәдібек Қайнар ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындар Қордай–Шу бағыты бойынша ауылды айналып өтетін жол салу мәселесін көтерді. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселенің облыс басшылығының бақылауында екенін атап өтіп, тиісті жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды жауапты мекемелерге тапсырды.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Алға ауылына барып, елді мекендегі ауыз су мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мұнда ол ауылішілік ұңғымалардың жай-күйін көріп, жауапты сала өкілдерінен мәлімет алды. Нысандарды облыс әкімінің орынбасарына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Абсеитов таныстырды. Аталған ауылда биыл басталатын ең ауқымды жобалардың бірі – ауыз су жүйесін толықтай жаңарту. Жоба аясында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ескі жүйелер жаңартылып, заманауи талаптарға сай инфрақұрылым тартылмақ. Сонымен қатар Қанатбек Мәдібек Шарбақты ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына да барып, жұмыс барысымен танысты. Ауыз сумен қамтамасыз ету – облыс әкімдігінің басты назарындағы әлеуметтік маңызы бар бағыттардың бірі. Сондықтан бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, сапалы әрі уақтылы орындалуы тиіс екені атап өтілді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ