АТХАН АҒА РЕКОРДТТАР КІТАБЫНА ЕНДІ

0

Жақында қоғамдық өмірдің бел ортасында жүрген белсенділер мен той мәдениетінің жанашырлары үшін ерекше күн болды. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың қатысуымен қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртып жүрген, еліміздің ресми рекордтар кітабына енген белгілі ақсақал Атхан Иманалиев арнайы шақырылды.

Атхан Иманалиев — 7 метрге дейін созылатын «Беташар» жырымен Қазақстанның ресми рекордтар кітабына енген тұңғыш азамат. Салтанатты кездесуде оған арнайы сертификат табысталып, бұл жетістік аудан халқы үшін де зор мақтанышқа айналды. Бұл — тек өнер иесінің емес, күллі той мәдениетінің мәртебесін көтерген оқиға.

Кездесу барысында Атхан ақсақал өзінің 50 жылдан астам уақыттық еңбек жолын еске алып, асабалықтың жай ғана кәсіп емес, ұлттың мәдени кодын жеткізетін маңызды қызмет екенін атап өтті.

– Асаба болу — тек ән айтып, жұртты күлдіру емес. Бұл – халықтың жүрегін тербеп, ұрпақ санасына ұлттық болмысты сіңіру. Әр сөзіміз – тәрбиенің құралы. Әр жырымыз – тарихпен астасқан, – деді ол.

Жиын еркін форматта өтті. Қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, салт-дәстүрдің бүгінгі қоғамдағы орны, асабалық өнердің болашағы туралы кеңінен ой бөлісті. Ақсақал әр сұраққа ықыласпен жауап беріп, өзінің бай тәжірибесімен бөлісті.

Жастар мен үлкен буын арасындағы бұл кездесудің басты артықшылығы – бірлік пен сабақтастықтың көрініс табуы деуге болады. Әңгіме барысында ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары, сөз өнерінің маңызы тақырыптары кеңінен қозғалды.

Кездесу соңында Атхан Иманалиев барша қатысушыға жүрекжарды батасын беріп, қазақы рухты сақтауға, дәстүрге деген адалдықты ұмытпауға үндеді. Қатысушылар бұл жүздесуден үлкен әсер алып, ерекше шабытпен тарқасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.