ЕҢБЕКТІҢ НАНЫ ТӘТТІ

0

«Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі», деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау арқылы қалың бұқараны қарапайым еңбек адамына деген көзқарастарын жаңғыртуға шақырған болатын.

Қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамай тер төгетін құрылысшылар қашан да құрметке лайық. Бұл ретте, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорны қызметкерлерін нағыз еңбек майталмандары деуге болады.

Біз баяндағалы отырған қара жұмыс істеп, нәпақасын адал еңбектен іздеген Эрмек Абыкешов 1979 жылы алманың отаны болған Қарасай батыр ауылында дүниеге келген. Құрылыс жұмыстарын сонау мектеп қабырғасында жүргенде үйренгенін әңгіме барысында тілге тиек етті. Екі қолға бір күрек табылғанына қуанбай, қара жұмыстан қашатын жандар қоғамымызда жоқ емес. Білектің күшімен, қара жұмыспен айналысудың жөні бір бөлек. Бүгінде кейіпкеріміз аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорнының құрылысшысы болып, отбасын адал табысымен асырауда. «Ер жігітке жеті өнерде аздық қылады», «сегіз қырлы бір сырлы» жігіт екен деген мақалдарды жиі естиміз. Айта кетерлігі, қолынан іс келетін азамат өмірінің басым бөлігі өткен Қарасай ауылында іскер жолдастарымен бірге тапсырыспен құрылыс жұмыстарын жүргізіп, ауылдастарының алғысына бөленіп келді. «Қазіргі таңда еңбектенемін деген адамға мүмкіндіктер көп. Ауыл баласы болғандықтан, мектеп табалдырығында жүрген кезден-ақ еңбекке ерте араластым. Мәселен, үй мен қора-қопсының бүлінген жерлерін жөндеу менің мойныма жүктелетін. Содан болар, балшықпен жұмыс істеу аса қиын болған жоқ. Менің жұмысыма құрылыс жұмысына тапсырыс берушілердің де көңілі толды. Осыдан кейін біржола құрылыс жұмыстарымен айналысамын деп шешім қабылдадым. Өткен жылдан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорны директоры Қуаныш Байжігітов кәсіпорын құрылысшысы ретінде жұмысқа қабылдады. Осыған дейінгі жинақтаған тәжірибем қазіргі қызметімде үлкен көмегін тигізуде», — дейді ұлты қырғыз болсада, жаны қазақ деп соққан кейіпкеріміз. Жастайынан еңбекке етене жақын болған кейіпкеріміз жұмыста жауапкершілікті бірінші орынға қояды. Жұмысы қиын болғанымен, ұжымда артылған сенім үдесінен шығып келеді. Иә, кейіпкермен тілдесу барысында маңдай терімен еңбек еткен адамның жерде қалмайтынына көзіміз жетті. Себебі, құрылыс саласы қай кезде болмасын маңызын жоймайтын кәсіп.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.