Үйреншікті өмір жолың күйреп, қиындықтармен жалғыз қалғанда, одан шығудың жолы — тағдырға тайсалмай қарсы шығу. Бұл әсіресе рухы мықты әйелдерге қатысты. Өйткені, рухы мызғымас әйел ешқашан құламайтын емес, әрқашан тұруға дайын әйел. Тағдырдың небір сынынан өтіп, бүгінде бақыт, қуаныш, сыйластықтың жемісін көріп отырған кейіпкерімізді дәл осылай суреттеуге болады.
67 жастағы Мейрамкүл Борақызы Амандықова Шу ауданы, Белбасар ауылында дүниеге келген. Тату, бақытты отбасында үш ұл, екі қыз өсіп келе жатты. Бірақ алаңсыз өмір көп ұзамай аяқталған-ды — балалар ата-аналарынан ерте айырылды. Оңай болған жоқ, қанша қиындық көрсе де, Мейрамкүл апа мектептен кейін медициналық училищені бітірді. 1976 жылы Бетқайнар ауылының тумасымен шаңырақ көтерді. Бір ұл, бір қыз дүниеге келді. Алайда тағдырдың өз жоспарлары бар еді – 1991 жылы отағасы Болатбек кенет қайтыс болып кетті. Жас ана екі баламен жалғыз қала берді. Одан көп ұзамай туған ағасы мен жеңгесі де өмірден озды. Жеңгесі «балаларым аманат» деп кете барды. Мейрамкүл апа ағасының төрт ұлы мен қызын бауырына басты. Ол өмір бойы балаларын асырау үшін еңбек етті. Балаларын ешқашан айырған емес, бәріне бірдей қарады, лайықты адам болып өсуі үшін олардың әрқайсысына жақсы тәрбие беруге тырысты. Бақытына орай, ұл-қыздары үмітін ақтады.
«Бүгінде балаларымның бәрі де үйлі-жайлы болды. Жаман жолға түспей, қиын жылдары қолдау болғаны үшін оларға алғыс айтамын», — дейді кейіпкеріміз.
Өкінішке орай, 2010 жылы Мейрамкүл апаның қызы Альбина қаза болды, сөйтіп кейуана жетім қалған үш немересін бауырына басты. Екі ұл мен қыз сол кезде 2, 6 және 7 жаста болатын. Әкелерінің басқа отбасы бар еді. Мейрамкүл апа бұл жерде де әйел-ананың қаншалықты күшті, махаббатының шексіз екенін көрсете білді.
«Ұлым Рамильге көп рахмет, балалардың өсіп-өнуіне толықтай жағдай жасады, менің басты қолдаушым әрі көмекшім бола білді», — дейді кейуана.
Үлкен немересі Нұрдос биыл жоғары оқу орнын бітіреді. Екіншгі немересі фермер-арендатор мамандығы бойынша колледжді бітіріп, бүгінде Отан алдындағы борышын өтеуде. Ал кіші қыз Амина биыл 11 сыныпта оқиды, оқу озаты мектептен соң жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүр. Ал апамыз болса он жылдан астам уақыттан бері №27 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы. Белсенді, көңілді әже ауылдағы Мәдениет үйі жанындағы әжелер кеңесінің де төрайымы. Ауылдың қоғамдық өміріне белсене қатысады. Бір емес бірнеше рет аудандық әжелер байқауының жүлдегері атанды.
«Биылғы жылдың 8 наурызында ауданымыздың әкімі мен ауылдық округ әкімінің құттықтауы мен үшін күтпеген қуанышты оқиға болды. Олар алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Мұның бәрі бекер емес деп ойлаймын, өйткені менің балаларым өз елі үшін адал еңбектеніп жүр, немерелерім де жетістіктерімен қуантуда. Әрбір жеткен белесі үшін маған алғыс айтқанда шүкіршілік айтудан жалықпаймын, — дейді кейіпкеріміз. — Иә, өмірде қиындықтар көп болса да, шыдамдылықпен алға ұмтылсаңыз, уақыт өте келе тағдыр сізді марапаттайды.
Қазір Мейрамкүл апа ұлының екі қызын бағып отыр. Көп балалы отбасында 15 немересі өсіп келеді.
«Мен өте бақытты анамын, әжемін. Өйткені, балаларым менің барлық еңбегімді, күш-жігерімді ақтады. Кіші сіңілім Дариякүл, бауырым Әсемхан, жеңгем Айжан да маған өмірде үлкен көмек көрсетті, сол үшін оларға алғысым шексіз», – дейді Мейрамкүл апа.
Кейіпкеріміздің тағдыры көпшілікке үлгі болары сөзсіз. Өйткені рухы мықты әйел алдына мақсат қойып, соған жету үшін аянбай еңбек етеді. Оның бағдары нақты, өзіне бекем, алға жылжып, кез-келген қиындықтарды жеңіп өтуге дайын.
Мейрамкүл апаның табандылығы айналасындағыларды шабыттандырады және ол жаңа сынақтардан қорықпайды деп сеніммен айтуға болады.
Анжела ИЗАЕВА