БІРЛІК КҮНІ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

0

Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. Қайырымдылық деген асыл қасиетті қай қоғамда да бойына сіңіріп, үнемі үлгі болып жүретін жандардың қатары аз емес. Расында өмірде жомарт адамның жақсы ісі мен мейірімге толы жүрегі үзілген үмітті жалғап, тірліктегі түйткілдің азаюына сеп болып жатыр.

1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде, аудан әкімдігінің жанындағы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясының ұйытқы болуымен, «Масаншы жастары» қоғамдық ұйымының демеушілігімен Жамбыл ауылының тұрғыны Алия Бекирова баспаналы болды. Қоныс иесінің қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, ауыл әкімі Айдар Бірімқұлов, ауыл ақсақалдары, белсенді жастар мен демеушілік танытқан азаматтар түгел жиналып, «Асар-ел бірлігі» жобасы аясында сатып алынған тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде табыс етілді. Шара барысында сөз алған Дамира Маратқызы қоныс иесіне құттықтау тілегін білдірді.

«Сізді баспаналы болуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа үйіңіз бақыт пен береке ордасы болсын. Бұл жерде тек қуаныш пен шаттық, махаббат пен түсіністік салтанат құрсын. Игі бастамаға арқау болған, барша атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін! Баршаларыңызды 1 – мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ауызбіршілігіміз ажырамасын!», — деді ол.

Мұнан соң құттықтау сөз алып, біткен іске өзінің ықылас-ілтипатын білдірген округ әкімі Айдар Бірімқұлов демеушілік танытқан «Масаншы жастары» ұйымының өкілдеріне алғыс хат табыстап, құрмет белгісі ретінде иықтарына қазақы шапан жапты.

Салтанатты рәсім барысында ақсақал Мағауия Аманкелдиев ақ батасын беріп, шараға жиналған көпшілік үйге кіріп, бөлмелерді аралап көрді.

«Мереке қарсаңында жағымды жаңалықпен қуантып, жылы, жарық үйде тұруды нәсіп еткен, осы үйді алуыма себепші болған ұйымдастырушылармен, демеуші азаматтарға шексіз алғысымды айтамын!» – дейді қуаныш иесі Алия Бекирова.

Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.