РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТҰРҒЫДАҒЫ ТӘРБИЕ

0

Жақында №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында «Білім беру мазмұны жаңартылу жағдайындағы оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеудің ұйымдастыру-педагогикалық шарттары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Білікті ұстаздар бас қосқан шараға педагогтармен қатар, «Қазақстан Дәуірі» халықаралық газетінің директоры Сәуле Мешітбайқызы, «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры, психология ғылымдарының докторы Нұргүл Тоқсанбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков қатысты. Қонақтарды мектеп фойесінде оқушылардан құралған домбырашылар тобы әсем күймен қарсы алды.

«Эксперименттік алаң жағдайында оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеудің жаңа әдістерін көрсету, тәрбие проблемаларын айқындау және оларды тиімді шешу жолдарын тәжірибе алмасу арқылы табу» мақсатында ұйымдастырылған бұл шара бірнеше бөлімнен тұрды. Олар негізінен жобалар көрмесінен құралды. Мәселен, көпшілік назарына ұсынылған «Оқырман ұрпақ», «Мейірімді жүрек», «Патриот», «Салауатты ұрпақ», «Жас эколог», «Ұлттық мұра», «Шаттық» жобалары конференцияның негізгі өзегіне айналды. Бұл жобаларда ұстаздар мен оқушылардың елеулі еңбегі көрініс тапты.

Мектептің мәжіліс залында жалғасқан конференцияда келесі тақырыптар аясында баяндамалар жасалды: «Білім беру мазмұны жаңартылу жағдайындағы оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеудің ұйымдастыру-педагогикалық шарттары», Қазақстандағы ізгілік педагогикасы қозғалысының ықпалы, эксперименттік алаң жағдайында оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеудің педагогикалық-психологиялық шарттарының ғылыми-әдістемелік аспектілері, рухани-адамгершілік тәрбиені білім беру жүйесінде жүзеге асыру жолдары, жалпыадамзаттық құндылықтар – тұлғаны рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің негізі. Бұл бағыттарда мектеп директоры Назира Танабекова бастаған спикерлер мазмұнды баяндамалар мен зерттеулерін ортаға салды.

Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мектептің өнерлі оқушылары ән мен биден шашу шашып, рухани көркем әсер сыйлады. Одан кейін арнайы шақырылған қадірлі қонақтар өз ой-пікірлерін ортаға салып, конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.