1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында» ерекше мерекелік шара өтті. Орталыққа «Мирас и А» балабақшасының бүлдіршіндері арнайы келіп, «Достық пен ынтымақ – береке бастауы» атты концерттік бағдарлама ұсынды. Шараны балабақша ұжымы ұйымдастырды.
Мерекелік кеш барысында кішкентай өнерпаздар өздері жаттаған тақпақтарын мәнерлеп айтып, ән шырқап, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, бейнематериалдар арқылы елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері таныстырылып, достық пен ынтымақтың маңыздылығы туралы түсінік берілді.
Кішкентайлардың шынайы ықыласы мен тәтті сыйлықтары қарттардың көңілін көтеріп, жүректеріне жылулық ұялатты.
Осындай игі шаралар балалардың бойына патриоттық сезім мен адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, үлкендерді құрметтеуге, туған жерге деген сүйіспеншілікке баулитыны сөзсіз.
Орталықтың қызмет алушыларының бірі Венера Симирская шарадан алған әсерімен бөлісіп, балабақша ұжымына ризашылығын білдірді:
– 2024 жылдың 22 қазанында орталыққа келдім. Сол күннен бастап қызметкерлер мен тұрғындар мені жылы қарсы алып, тез бейімделуіме себепші болды. Мұнда жиі ұйымдастырылатын мерекелік кештер бізге рухани қуат береді. Бүгінгі бүлдіршіндердің келуі де ерекше әсер қалдырды. Балақайлардың шынайы мейірімі мен қуанышы бізге үлкен қуаныш сыйлады. Осы шараны ұйымдастырған «Мирас и А» балабақшасының басшылығына, тәрбиешілеріне және кішкентай өнерпаздарға алғысым шексіз. Жұмыстарыңызға алға басып, еңбектеріңіз елене берсін! Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді ол.