Бүгін, 9 мамыр – Жеңіс күніне орай дәстүрлі митинг аудан орталығында орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш алдында өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, мекеме мен бөлім басшылары, аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері мен ауданның барлық құқық қорғау органдары басшылары мен шекарашылар қатысты.
Майдангерлер ерлігіне құрмет көрсету, еске алу жиынында аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әлімбет, тыл ардагері Нәби Ермекбай ақсақал сөз сөйлеп, биыл аяқталғанына 76 жыл болған алапат соғыс өрті ешқашан да қайталанбасын деген тілектерін айтып, жиналған қауым майдангерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Содан кейін салтанатты түрде ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Биыл 90 жылдығы аталып өтіп отырған Мұқағали ақын: «Неменеге жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр», деген бір ауыз сөзінің мағынасы бүгінде арта түспесе еш кемімек емес. Жыл өткен сайын қатары сиреген қарияларымызға, оның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне деген құрметіміз шексіз болуы тиіс.
АРДАГЕРЛЕРГЕ ШЕКСІЗ АЛҒЫС
Prev Post
Next Post