ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ

0

Көптеген адамдар балалық шағында болашақтағы өз өмірін елестетіп, шоу-бизнес жұлдыздары немесе басқа да атақты адамдар сияқты болуды армандайды. Бірақ өз идеалыңды табу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Нағыз батырлар арамызда өмір сүруде. Олар бүкіл саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнаған қарапайым еңбек адамдары.

Бірі егін егіп еңбектенсе, бірі мал бордақылады, ал әлдебірі зауыттар мен жол салып, біздің күнделікті өміріміз үшін маңызды шаруаларды атқарған. Тек айналаға зер салып, аға ұрпақ өкілдеріне мұқият қарасаң болды. Біздің ауданда көптеген жылдар бойы колхоз-совхоздарда адал еңбектенген жандар баршылық. Олардың әрқайсысы ең жоғары құрметке лайық.

Біздің кейіпкеріміз Мәдібай Естаев Қақпатас ауылында туып-өскен. Мектепті аяқтаған соң Қырғыз ауылшаруашылығы институтына оқуға түсіп, зоотехник мамандығын алып шыққан. Одан әрі туған ауылына оралып, Сарыбұлақ ауылындағы фермада зоотехник болып жұмыс істеген. Бір қызметте білдей 42 жыл жұмыс істеп, 2011 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.

— Менің жұмысым, әрине, қызықты, ең бастысы, ауылдық жерлерде маңызды болды, — дейді Мәдібай ата. — Менің міндеттеріме жем таңдау, жануарларды ұстау жағдайларын бақылау, сондай-ақ олардың ауруларының алдын алу және емдеуге қатысты болды. Өйткені, мал өнімдерінің сапасы біздің жұмысымызға тікелей байланысты еді.

Мәдібай ата қырық жылдан асатын еңбек жолында өз совхозына көп еңбек сіңірді. Ол тәжірибелі малшылардың бір емес, бірнеше ұрпағын тәрбиелеп өсірді, олар білікті маманды құрметтеп, онымен кеңесетін. Өзінің адал әрі нақты жұмысымен басшылықтың көзіне түсіп, еңбегі үшін бірнеше рет марапатталған. Бүгінде Мәдібай қария ауылдағы сыйлы ақсақалдардың бірі.

Әр адамның тағдыры әртүрлі. Бірақ кейбір адамдар белгілі бір қиындыққа тап болады. Мінезі, рухы мықты адам сынбайды, тағдырдың соққысынан аман өтіп, басын тік көтеріп, жолын жалғастырады.

…Оның сүйікті жары болатын, онымен бақытты өмір сүріп, төрт ұл тәрбиелеп өсіріп жатқан. Бірақ тағдырдың өз жоспары бар еді. 2005 жылы зайыбы қайтыс болып кетті. Алпысқа қараған шағында атамыз жалғыз қалды. Әрине, мұндай жаста кез-келген ер адам үшін оңай болмасы рас. Көп ұзамай бала-шағасымен ақылдасып, фермада сауыншы болып жұмыс істейтін Айбаршын Шаловамен шаңырақ көтереді.

Айбаршын Құлахметқызы күйеуі ерте қайтыс болып, екі баламен жалғыз қалған. Бұрын Қаракемер ауылында тұрған, одан кейін Қақпатасқа ауысып, фермаға жұмысқа орналасқан. Бірақ, соңғы жылдары денсаулық жағдайына байланысты жұмысын тастап, күйеуімен бірге үйде. Қонақжай апамыз сүйікті немере-шөберелерін күтіп отырады. Дастарханында үнемі ыстық бауырсақ, түрлі тәттілер тұрады. Сондықтан да балалары, келіндері, немерелері мен шөберелері ата-анасының үйіне келуге әрдайым асығып тұрады.

— Тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанымызға жиырма жылдай болып қалды, — дейді Айбаршын апа. – Балаларымыздың бәрі жақсы. Бүгінде бәрі ер жеткен, өз отбасылары бар. Тек бір баламыз қалды, соны үйлендіру керек. Бес келінімнің бәрі де адал, өте жақсы, біз оларға ризамыз.

Үлкен әрі бақытты отбасында жиырмашақты немере, оннан астам шөбере өсіп келеді.

— Балаларымыздың бәрі әкесіне ұқсап кеткен – еңбекқор, өте жауапкершілікті, — дейді отанасы.

Ұлдарының үлкені Серік бірнеше жыл бойы ауыл әкімі қызметін атқарған. Мейрамбек Қақпатасқа тұрады, ол механизатор. Қайрат малдәрігерлік техник болып қызмет еткен, бірақ, өкінішке орай, ерте қайтыс болып кетті. Қанат ауылдағы фермада механизатор болып еңбектеніп жүр. Айдос Алматыда кәсіпкерлікпен айналысады. Кенжелері Нұрдос Қордайда жұмыс істейді, қазір ата-анасының қолында қалған ұл сол.

Келесі жыл біздің отбасымыз үшін ерекше болмақ, — дейді Айбаршын апа. – Атамыз (автордан: отанасы күйеуін осылай атайды екен) 80 жасқа толады, ал мен болсам зейнетке шығамын.

Қариялар үйінде қонақта отырып бір байқағаным, ата мен апа әлі күнге дейін бір-біріне деген жылы әрі сыйлы сезімдерін жоғалтпағаны көрініп тұр, әрі бір-біріне ерекше қамқорлықпен қарайды екен. Дәл осындай сәттерде жастарға нағыз үлгі-өнеге боларлық жандар осындай адамдар екенін және тек әрбір адамның өзі үйдің берекесін келтіріп, бақытқа толтыратының анық түсінесің.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.