Азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу және жеке қабылдау – халықтың жергілікті билік органдарына сенімін нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады.
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауды аудан әкімі Бегзат Болатбеков «AMANAT» партиясы аудандық филиалы ғимаратында жүргізді. Бұл жолы аудан басшысымен жеке кездесуге оннан астам адам жазылған. Қабылдау барысында әкімге түрлі мәселелер бойынша: азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту, абаттандыру мәселелері және т.б. қайырылды. Алайда, өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлуге қатысты болды. Өтініш бергендерге «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес түсініктемелер берілді. Кәсібін кеңейтуге ниет білдіргендер де болды.
Аудан орталығы тұрғындарының бірі саябақтардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Түрлі азық-түлік қалдықтары белгіленген орындарға жиналмағандықтан қаңғыбас жануарлардың жиналуына себеп болып отыр.
Аудан басшысы қабылдауға жазылған азаматтардың барлығын мұқият тыңдады. Барлық сұрақтарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптар берілді.
Сонымен қатар ауданның тиісті мемлекеттік органдарына тапсырмалар берілді. Өз кезегінде Бегзат Сейсенқұлұлы өтініштерді қарау тәртібі мен мерзімдерін түсіндірді. Ол өзіне хабарласқан азаматтардың сауалдары бақылауға алынғанын айтты.
Азаматтарды жеке қабылдау алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылатынын еске саламыз. Жеке кездесуге жазылуға немесе ресми интернет-портал арқылы жолдауға болады.
Анжела ИЗАЕВА