«ӘЖЕММЕН БІРГЕ – БАЛАЛЫҚҚА САЯХАТ»

0

Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Міне, сондықтан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп, бүгінде барлық мектептер мен балабашаларда Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.

Осы құжатта бала өміріндегі әже рөліне ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, әже тәрбиесі болашақ ұрпаққа өнеге. Әжелер ертегі оқу, айту арқылы баланы адамгершілікке, ұқыптылыққа, батылдыққа, сыйластыққа, бауырмалдыққа, жақсылық пен жамандықты ажыратуға, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» дегендей үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, ізгілікке, достыққа тәрбиелейді.

Бейсенбі күні Қордай ауылындағы «Айналайын» балабақшасында «Әжеммен бірге – балалыққа саяхат» атты қызықты әрі танымдық шара өтті.

-Әр баланың білім әлеміне алғашқы қадамы балабақшадан басталатыны рас. Сондықтан мектепке дейінгі білім мекемелерінің әрбір бөбектің өмірінде атқаратын рөлі ерекше, — деді шара барысында сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбеков.

Өз тілегін жиналған қауым алдында аудандық аналар алқасының төрайымы Роза Қағазбай да білдірді. Одан кейін Тараздағы Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «дәстүр және өнер» мәдени жұмыстарды ұйымдастырушысы Гүлгауһар Бүркітбаева сөз алып, шараның маңыздылығы мен тиімділігі жайлы айтты.

Одан кейін шараға жиылған қауым кішкентай балақайлардың өнерін тамашалап, олардың орындаған әндері мен билеріне тәнті болды. Мұндағы тәрбиешілер де өнерден кенде емес екен – ән шырқап, залды қыздыра түсті. Ал қонақ болып келген әжелер балаларды жан-жағына отырғызып, ертегі айтып берді.

Айта кететін жәйт, Мадина Аманбаева жетекшілік ететін балабақшада білікті тәрбиешілер, олардың көмекшілері және басқа да мамандар еңбек етеді. Төрт топқа бөлінген 80 бала қазақ және орыс тілдерінде тәлім-тәрбие алуда.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.