ЕҢБЕКТЕ ЕРЕКШЕ ҚУАНЫШ

0

Қордай ауданының ең шалғай орналасқан елді мекендерінің бірі – Еңбек ауылында жаңа ауыз су құбыры іске қосылып, жергілікті тұрғындар үшін маңызды инфрақұрылымдық мәселе шешімін тапты. Көптен күткен бұл жоба ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып табылады.

Су жүйесі қазіргі заманғы техникалық талаптарға сәйкес жобаланып, толықтай жаңартылған құбырлар арқылы ауылдың негізгі бөлігін қамтиды. Енді ауыл тұрғындары бұрынғыдай су тасып әуре болмай, үйлеріне тікелей келетін сапалы ауыз суға қол жеткізді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, санитарлық-гигиеналық талаптардың да сақталуын қамтамасыз етеді.

Жобаның іске асуына орай арнайы ұйымдастырылған салтанатты шараға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов арнайы келіп, ауыл халқымен кездесіп, жаңа жүйенің іске қосылуымен құттықтады. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында шалғай ауылдарды дамыту, халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері үнемі басты назарда екенін атап өтті.

«Ауыл – ел тірегі. Сондықтан еліміздің әр түкпіріндегі елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Еңбек ауылында іске асқан бұл су жүйесі жобасы – осы бағыттағы нақты істердің көрінісі. Таза ауыз су – адам өмірінің негізі, сондықтан бұл жоба ауыл тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді», – деді Бақыт Сахатов.

Ауыл тұрғындары да бұл игілікті іске ерекше қуанып, алғыстарын жеткізді. Олар су құбырының іске қосылуын көп жылдан бергі армандарының орындалуы деп бағалады. Жоба тұрғындар тарапынан үлкен сенім мен үміт тудырғаны анық.

Айта кету керек, бұл жоба Қордай ауданы әкімдігінің және тиісті сала мамандарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде қысқа мерзім ішінде сәтті аяқталған. Алдағы уақытта осындай маңызды жобалар Қордай ауданының басқа да елді мекендерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.