Қордай ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов келіп, Қайнар ауылындағы 3800 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асу барысымен таныс-ты. Аталған жоба аясында қысымды су құбыры тартылмақ. Жобаны іске асыруға республикалық және облыстық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Вице-министрмен бірге құрылыс алаңында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков болды. Жобаны «ТаразСтрой2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстары қуаңшылық жағдайында басталған болатын. Қазіргі уақытта мердігер ұйым 8 шақырымға дейін жер астымен су жеткізуге арналған арнайы құбырларды төсеген. Жоспар бойынша су алқаптарға үш қуатты насос арқылы жеткізілетін болады. Төртінші насос резервтік мақсатта қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, құбырлардың жер астымен тартылуы судың егістікке жылдам әрі тиімді жетуін қамтамасыз етеді.
Құрылыс орнында мердігерлермен және жауапты мамандармен кездесу барысында Ерболат Мақсұтханұлы жобаның уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, бөлінген қаражатты тиімді әрі мақсатты игеру қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, жобаның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін маңыздылығын ескере отырып, барлық жұмыстардың жүйелі түрде ұйымдастырылуын тапсырды.
Өз кезегінде Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков жобаның өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін айта келе, барлық құрылыс жұмыстары аудан әкімдігінің жіті бақылауында екенін және атқарылып жатқан шаралар үшін аудан тұрғындары атынан алғысын білдірді.
Сапар соңында Ерболат Ибрайханов жауапты тұлғаларға құрылыстың белгіленген мерзімде аяқталуын және жұмыс сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар беріп, бірқатар ескертулер мен ұсыныстарын жеткізді.