Жыл сайын маусымның әр үшінші жексенбісінде Қазақстанда Медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Оның мерекесі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жылы белгіленді. Міне, сол күн де таяп, мереке қарсаңы – жұма күні озат медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Осылайша, 13 маусымда Аудандық мәдениет үйінде денсаулық сақтау саласының қызметкерлері түгелдей жиылып, ауданның атқамінер азаматтары ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтады. Шарада алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай оларға аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтауын жеткізді. «Құрметті медицина қызметкерлері! Сіздер адам баласының бұл дүниедегі ең қымбат байлығы денсаулығы мен өмірін қорғайсыздар. Әрдайым адамзат баласы тағдырын сеніп тапсыратын мамандықтарын абыроймен атқарып, халық сеніміне ие болып жүре беріңіздер. Төл мереке қарсаңында Үлкен Сұлутөр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріліп, ауданның медицина саласы тағы бір жаңа нысанмен толығып жатқанын атап кеткім келеді. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Сортөбе ауылында 200 келушіге арналған жаңа емхананың пайдалануға берілуі жоспарлануда. Бұл игі шаралар алдағы уақытта ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау саласының даму қарқынын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік берері сөзсіз. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, отбасылық амандық тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын», — деді ол.
Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Қарлығаш Қыпшақбаева, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ақ халаттыларды мерекемен құттықтап, салада ілгерілеушілік бар екенін, мұндай жемісті нәтиженің артында қаншама дәрігерлердің еңбегі жатқанын атап өтті.
Салтанатты шара барысында бірқатар медицина қызметкерлері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Үздік жас медицина қызметкері» төсбелгісімен, «Құрмет» грамотасымен, алғыс хаттармен және номинациялармен марапатталды. Сондай-ақ, аудан әкімінің алғыс хаттары да табысталды. Бұдан бөлек «Чернобыль және басқа да қауіпті аймақтарда қызмет еткен сарбаздар одағының» өкілі Мұхтар Нұрқасымов бірқатар денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне төс белгілер мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Марапаттау рәсімінен кейін денсаулық сақтау саласы қызметкерлері және аудан өнерпаздарының қатысуымен музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ