ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІ МУЗЕЙДЕН ТАБЫЛАДЫ

0

Жыл сайын 18 мамыр күні дүние жүзінің мәдени қауымдастығы Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. Адамзаттық мәдениет пен ұлттық құндылықтарды сақтаушылар мен насихаттаушылардың бұл кәсіби мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген болатын.

Бұл күнді әлемдегі барлық музейлер ерекше атап өтеді. Қала берді, айтулы дата дүние жүзіндегі 150-ден астам елде ресми мереке ретінде тіркелген екен. Біздің ауданда да музей күнін атап өту игі дәстүрге айналған. Жалпы, Қордай өңірі тарихы көне замандардан бастау алатын шежірелі өңір, қасиетті мекен. Осы өлкенің өткені мен бүгінін, қасиетті де шежірелі тарихын көк тастың астында қалдырмай жинақтап, сақтап, зерттеп-зерделеп оны халық санасына насихат жүргізіп отырған Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі. Музей қызметкерлерінің тынымсыз ізденісі барысында жергілікті халықпен тығыз байланыс қалыптасты. Нәтижесінде музей қоры бүгінгі таңда төрт мыңға жуық жәдігерге жетіп отыр. Музейде өлкеміздің тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, ғылымына, археология мен этнографияға байланысты, өлкенің флорасы мен фаунасынан көптеген материалдар жинақталып, сақталған. Музей қызметкерлері осы тақырыптарды ашып, экскурсиялар, лекциялар, әңгімелер жүргізіп, мәдени іс-шаралар өткізіп, әдістемелік кеңестер береді. Ғасырлар бойы сақталып келе жатқан бірегей жәдігерлермен таныстыру мақсатында ауыл-ауылдарға көшпелі көрмелер ұйымдастыру да музейдің жұмыс жоспарына енгізілген. Ай сайын музей залдарында атаулы тарихи күндерге арналған жылжымалы көрмелер ұсынылады.

Білім мекемелерімен тығыз байланыс орнату нәтижесінде музейге келушілердің саны жыл сайын артып келеді. Келушілердің 90 пайызын аудан жастары құрайды. Себебі, музей жастар үшін өлкенің барлық кезеңінен сыр шертетін қызыққа толы танымдық әлем. Өлке тарихын зерттеп, білгісі келетіндер үшін музей қоры әрдайым қол жетімді. Осыған орай жастардың ұлттық сана-сезімі мен оларды береке-бірліктің туын көтеруге жұмылдыруға және ынтымақтастықты нығайтуға қызмет етіп, патриоттық рухын оятатын істерді насихаттаудағы ұжымның атқарып жатқан жұмыстары аз емес.

Сонымен қатар, аудандық музейдің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көптеген құнды мәліметтерді білуге болады. Жазылушы оқырмандардың назарына «Күндерек», «Бір жәдігер сыры» тәрізді қызықты айдарлар ұсынылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырғаны рас.

Ел мен жердің тарихы тереңдеген сайын музейдің еңсесі биіктей түсері анық. Өткеніңді білмейінше бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес. Олай болса, өз өлкеміздегі тарихи және мәдени құндылықтарын көзінің қарашығындай сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан аудандық музейдің жұмысымен танысамын деушілер үшін есігі әрқашан да ашық екенін естеріңізге саламыз.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.