«ЖОМАРТ ТҮЛЕК-2021»

0

Армысыздар, бүгінгі еңсесі биік егемен елдің жарқын болашағын жасау жолында ерен еңбегімен еленіп жүрген жаны жомарт түлектер!

Арманы асқақ, мақсаты мығым, бағыты айқын қазақ елі үшін биылғы жылдың маңызы зор, мәртебесі биік. Қазақ елінің алақандай жүрегіне Алатаудай дарқандылықпен көптеген ұлт пен ұлысты сыйдырып, бір атаның баласындай тәуелсіздік керуенін бастап, «Мәңгілік ел» құтты мекенге бағыт алғанына 30 жылдың жүзі болды. Отыз жылда еліміз әлем аренасына танылып қана қоймай, көш басында тұрған еңселі елдер қазақ қоғамымен санасып, ой бөлісіп, ортақ іс бастап, барлық салада болашақ жоспарларын талқыға салып отыратын дәрежеге жетті. Ал, жастарымыз Фарабидей дараның, ақыл-ойдың кемеңгері Ыбырайдай бабаның, Абайдай дананың ізін басып, қолдарына шырақ алып, білім іздеді. Ел кезді, мұхит асты, жаhанды аралады. Тапты. Бүгінгі күні Сіздердей дарынды, талантты тұлғаларымыздың баспаған жері, бармаған елі қалмады десе де болғандай. Әлемдік, дүниежүзілік түрлі байқауларда қазақ елінің туын желбіретіп, байрақты бәсекелерден құр қол келген жеріміз жоқ. Қоғамымыздың қай саласын алсақ та, шарықтап дамып, ел игілігі үшін қызмет етуде. Әрине, бұл бағыттағы айтулы жетістіктерде де Сіздердің қолтаңбаларыңыз мен мұндалап, өздеріңіздей рухты, жігерлі жомарт жандардың тұрғаны анық. Тар құрсаудан босанып, тәуелсіздіктің самал желімен тыныстаған еркін елдің бүгінгі тірегі Сіздердей жомарт жандар болса, ертеңі бұдан да жарқын, бұдан да биік болатынына кәміл сенеміз!

Тәуелсіздіктің Туын көтерген жомарт түлектер!

Бақытты күнді қиялдан іздемей, бақытты күнге қолымыз жетіп отырғанын ұғынатын кез жетті. Біз 30 жылда осындай табыстарға қол жеткіздік, ал біздің ұрпағымыз бен болашағымызды бұдан да ғажайып күндер күтіп тұрғанын бір сәт сезінейікші. Ендеше, осы керемет сезім біздерді жарқын болашаққа бастасын. Кезінде рухты бабамыз Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп ұрпағына аманат артса, Ұлы Отан соғысы жылдары «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп ұрандаған батыр бабаларымыз көзсіз ерлік істерінің арқасында ұрпағына жеңіс сыйлады. Сол бабалардың бүгінгі саналы ұрпағының өкілі ретінде «Бәрі де тәуелсіздігіміздің мәңгілігі үшін, бәрі де мәңгілік Қазақ елі үшін» деген Үндеу тастағымыз келеді.

Біздің мұндай еркіндікпен жан рахатына бөленіп, кешегі шәкірттеріміз, бүгінгі ел азаматтарының жеткен жетістіктерімен шаттанып отырғанымыз — тәуелсіздігіміздің жемісі, ал бұл жемісіміз елімізді ұлы сахара төрінде «Мәңгілік елге» айналдыратын жеңісті күнге бастайтынына кәміл сенемін және бойымыздағы бар күш-қуатымызды бір арнаға тоғыстырып, баршаңызды осы жолда аянбай еңбек етуге шақырамын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, Қазақ деген атымыз жаңғырып тұрсын!

Құрметті Қордайлық түлектер, Сіздерді 2021 жылдың 28 мамырында сағат 11.00-де Өтеген батыр атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылатын аудандық «Жомарт түлек-2021» форумына шақырамыз!

 

Аудандық ұйымдастыру комитеті

Leave A Reply

Your email address will not be published.