Аудан аумағында электр желілерін жаңарту жұмыстары қарқын ала бастады. Таңнан кешке дейін бел жазбай тер төгіп жүрген мамандар – жарықтың үздіксіз берілуіне кепіл болатын негізгі күш.
Ағаш тіректерді бетон бағаналарға ауыстыру, ескірген сымдарды жаңарту, желіге тиіп тұрған ағаштарды кесу – барлығы да тұрғындардың жайлы өмірі үшін атқарылып жатқан тірлік.
– Қазір желі бойындағы барлық ақауларды қарап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ағаштар өсіп кеткен, кейбірі сымға тиіп тұр. Қыста қардың салмағымен сынып, жарықты үзіп тастайтын жағдайлар жиі болады. Кейде көлік апатынан бағаналар құлап қалады. Сондай сәттерде уақытқа, түнге қарамай, халыққа адал қызмет етуге тырысамыз, — дейді Қордай аудандық электр желілері жүйесінің қызметкері Ерлан Мұратбекұлы.
Ерлан Нарбаев 2016 жылдан бері электр тарату желілері шебері (орысша – мастер распределительных сетей) болып жұмыс істейді. Қазір ол Қордай аудандық электр желілері жүйесінде еңбек етуде. Кез келген апатты жағдайға дайын тұрып, жауапкершілікті өз мойнына ала білетін шебердің еңбегі әріптестері мен басшылық тарапынан да жоғары бағаланып келеді.
Электр желісіндегі бұл бригадада, тәжірибелі мамандар мен жас кадрлар да бар. Атап айтсақ, Арман Өмірзақ 2016 жылдан бері АГП-16 маркалы көтергіш автокөліктің жүргізушісі ретінде еңбек етіп келеді. Айдос Бекқұлов 2019 жылдан бастап, Алмас Байбол 2025 жылдан бері электромонтер қызметінде.
Қауіп-қатері көп бұл мамандық иелерінің әр күні – үлкен жауапкершілік пен ерен еңбекке толы. Сол еңбектің арқасында елді мекендер жарықсыз қалмай, тіршілік өз арнасымен жалғасып жатыр.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ