Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда,сондай-ақ, оның қолданыс аясын кеңейтуде ерекше маңызға ие қозғаушы күштің бірі көрнекі ақпараттар мен жарнамалар екендігі белгілі.
Осы орайда, аудан аумағында кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарының орындалуы бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, зерделеу жұмыстарын ұйымдастырып келеміз.
Мемлекеттік тілге тұрғылықты халықтың құрметпен қарауын және заң талаптарының сақталуын көздеген мұндай іс-шаралары жұртшылық көптеп баратын дүкен, сауда орындары мен дәмханаларда жүргізіліп отырады.
Ондағы мақсат – ас мәзірлерін қазақ тіліне көшіру. Өйткені тұтынушы құқығы әрқашан сақталуы керек. Алайда ас мәзірін тек орыс немесе ағылшын тілінде жазып қойған дәмханалар аз емес. Кәсіпкерлерге орын алған кемшіліктерді жою ұсынылды. Барлық көрнекі ақпараттары мен ас мәзірлерін заң аясында орындаса, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі көтерілер еді!
Бұл мақсаттағы зерделеу жұмыстары мерзімі шектелген айлықпен тоқтап қалмай, жалғасын таба бермек. Алайда, мемлекеттің әрбір азаматы өз Отанына, оның Заңдарына және мемлекеттік тілге деген құрметін өз іс-әрекетімен көрсетуі тиіс.
Сонда ғана өрескелдікке жол берілмейді. «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халық даналығында. Әрбір елдімекеннің сыртқы ақпараттық жазбалары, мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттары ондағы қызметкерлердің сауаттылығынан хабар беретінін де ескерейік. Бәрі де өзімізден басталады.
С.БАЛПУКОВА, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы