300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымын қамту жоспарланған
Қазақстанда 1 тамызда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова хабарлады.
Санақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санағы бағдарламасы аясында өткізіледі. Санақ науқаны барысында 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы мен шамамен 2 млн үй шаруашылығын қамту жоспарланған. Бұл маңызды мемлекеттік шара елдің аграрлық саласы туралы нақты әрі өзекті деректерді жинауға мүмкіндік береді.
«Санақ – ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын талдау және мемлекеттік қолдау шараларын жоспарлауға арналған негізгі құрал. Біз барлық фермер мен қосалқы шаруашылық иелерін sanaq.gov.kz сайтында санақтан онлайн өтуге шақырамыз. Сіздің жауаптарыңыз аграрлық секторды дамыту үшін қабылданатын шешімдерге әсер етеді», – деді брифинг барысында Әсел Шауенова.
Санақтың онлайн кезеңі 31 тамызға дейін жалғасады. Оған қатысу үшін sanaq.gov.kz сайтында ЭЦҚ, СМС-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы авторизациядан өту қажет. Қатысушыларға екі түрлі сауалнама түрі ұсынылады – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен бау-бақшасы бар не мал ұстайтын үй шаруашылықтары үшін.
Сауалнамаларда жерді пайдалану, техника, өнім өткізу, еңбекпен қамту сияқты тақырыптар қамтылған. Қолайлы болу үшін сайтта бейненұсқаулық, кіріктірілген көмекші бар, сондай-ақ сұрақтарға нақты уақытта жауап беретін SANAQ мырза чат-боты жұмыс істейді.
Интернет байланысы нашар елді мекендерде 2 684 өзіне-өзі қызмет көрсету орны ашылды. Олар әкімдіктердің ғимараттарында және аудандық статистика бөлімдерінде орналасқан. Бұдан бөлек, 1446 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы бар.
Санақ барысында жиналған барлық деректер қатаң құпия болып табылады. Олар тек статистикалық мақсатта иесіздендірілген түрде пайдаланылады және салық, құқық қорғау немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Санаққа қатысатын барлық қызметкер мен интервьюер ақпаратты жарияламау туралы міндеттемелерге қол қояды. Сондай-ақ Бюро санақ қызметкерлерінің қатысушыларға қоңырау шалмайтынын және ешқашан СМС арқылы келген кодтарды сұрамайтынын ескертеді.
Ақпараттық науқан аясында шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы өндірушісіне 1414 қысқа нөмірінен санаққа қатысу туралы SMS-хабарлама жолданады.
Санақтан өту үшін sanaq.gov.kz сайтына кіріп, авторизациядан өтіп, 2-АШК нысанын таңдап, сауалнаманы толтыру қажет.
Санақ еліміздегі ауыл шаруашылығы қызметі туралы толық әрі өзекті ақпаратты жинауға бағытталған. Жиналған деректер аграрлық секторды қолдауға арналған тиімді шараларды әзірлеуге және оның орнықты дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді.
Респонденттер ұсынған барлық ақпараттың құпиялылығы сақталады, деректер салық органдарына немесе өзге де мекемелерге берілмейді және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңына сәйкес қорғалады.
Барлық сұрақ бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін).
Бұл хабарлама тек ақпарат беру мақсатында жолданады, оған жауап берудің қажеті жоқтығын ескертеміз. Бюроның қызметкерлері ешкімге қоңырау шалмайды және ешқандай код сұратпайды. Алаяқтардан сақ болыңыз!
Офлайн түрде өтетін екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін болады.