Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған орай Қордай ауданындағы білім ошақтарының дайындығы қандай деңгейде екені көпшілікті толғандыратыны анық. Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінен арнайы сұрап, мәлімет алған едік. Алынған деректерге сүйенсек, жаңа оқу жылында аудан мектептері оқушыларды қабылдауға толықтай дайын.
2025–2026 оқу жылында 1-сыныпқа 2105 бала қабылданады деп күтілуде. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 50 балаға артық. Яғни, алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын балақайлар саны арта түскен. Бұл өз кезегінде аудандағы демографиялық өсімді аңғартады.
Ал осы балаларға сапалы білім мен тәрбие беретін педагогтар жайына тоқталар болсақ, қазіргі таңда Қордай ауданының мемлекеттік мектептерінде 2857 педагог қызмет атқарады. Мамандардың айтуынша, мұғалімдердің 100 пайызы біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Дегенмен, басшылық қызметтерде кадр тапшылығы байқалатыны да атап өтілді.
Бүгінде аудан мектептерінде еңбек ететін мұғалімдердің 60 пайызы – жаңа форматта аттестатталған педагогтар, ал қалған 40 пайызы – «Педагог» санатындағы ұстаздар.
Педагогтардың біліктілік санатына тоқталсақ, «Педагог-шебер» – 31 мұғалім, «Педагог-зерттеуші» – 424 мұғалім, «Педагог-сарапшы» – 786 мұғалім, «Педагог-модератор» – 987 мұғалім. Бұл – ұстаздар құрамының кәсіби деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқанын білдіртсе керек.
Сонымен қатар, жылдағы дәстүрге сай республикалық акция аясында аз қамтылған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік осал топтардағы отбасылардан шыққан 7180 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлініп, қазіргі уақытта оларды қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ
Жаңа оқу жылына дайындық аясында аудандағы бірқатар білім нысандарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Күрделі жөндеу жұмыстарына тоқталсақ, қазір Қарасу ауылындағы №7 А.Пушкин атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Мұнда едендер, есік-терезелер толықтай ауыстырылып, электр жүйелері 100 пайыз жаңартылып, шатыр жабындары, сыртқы келбеті мен қабырғалары жаңғыртылу үстінде. Сондай-ақ, мектептің кіреберісі жаңартылуда, су және кәріз жүйелері толық ауыстырылып, бірқатар қосымша жұмыстар да жүргізілуде. Ал, ағымдағы жөндеу жұмыстарына келер болсақ, қазіргі таңда ауданда екі білім мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Қаракемер ауылындағы «Ырыс» балабақшасында жылыту жүйесі мен шатыр жабындылары жөнделуде, Үлкен Сұлутөр ауылындағы Манаш Қозыбаев атындағы орта мектепте шатыр ауыстырылып, су жүйелері мен жылыту жүйесі жаңартылуда.
Осы орайда айта кетерлігі, Қордай ауданының білім бөлімі бірнеше нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша облыстық басқармаға өтінім жолдаған. Қолдау тапқан жағдайда төмендегідей жұмыстар қолға алынбақ:
Шерхан Мұртаза атындағы негізгі мектептің спорт залындағы еденді ауыстыру және қас-бетін жөндеу;
№35 Р.Құнақова атындағы орта мектеп пен Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің шатырларын жөндеу;
Мұстафа Шоқай және №36 Нығмет Сауранбаев атындағы негізгі мектептердің еденін ауыстыру;
№3 Абай Құнанбаев атындағы орта мектептің бастауыш сыныптар оқитын корпусын жөндеу.
Жалпы, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын қамтамасыз ету мақсатында бояу, әктеу, жөндеу және қажетті заттарды ауыстыру жұмыстарына қаражат алдын ала жоспарланып, қажетті құрал-жабдықтар тамыз айында толық алынған.
КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІ ІСКЕ КІРІСЕДІ
Биылғы жылы аудан мектептерінде қауіпсіздік шараларына ерекше мән берілуде. 25 мектепке мамандандырылған күзет қызметі енгізілмек. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу байқауының жеңімпазы ретінде «Нұр-Дифенс» күзет агенттігі» ЖШС анықталып, олармен шарт жасалған. Күзет қызметі жаңа оқу жылынан бастап өз жұмысын бастайды.
Сонымен қатар аудандағы 48 мектепке дабыл түймелері орнатылуда.
«Бәйтерек» және «Айналайын» балабақшаларында күзет жүйесі орнатылса, 17 балабақша дабыл түймесіне қосылған.
Мектептердің автоматты өрт дабылдары, құлақтандыру жүйелері және бейнебақылау камераларының қызмет көрсету жұмыстарын «Автоматика KZ» ЖК 2025 жылы өз мойнына алған.
ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ
Оқу жылының басталуымен қатар жылыту маусымына дайындық та қыза түспек. Ауданда барлығы 65 қазандық бар, оның 48-і мектептерде 17-і балабақшаларда. Жылыту көздері бойынша 26 нысан – газбен, 38 нысан – қатты отынмен, қалғаны – сұйық отынмен жылытылатын болады.
Айта кету керек, 2019 жылдың 4 сәуіріндегі Қордай ауданы әкімінің №154 қаулысына сәйкес, аудан мектептеріндегі қазандықтар «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына берілген. Демек, жылыту жүйесінің жұмыс істеуіне осы мекеме жауапты.
Осыған орай, аталған кәсіпорын қазандықтарға қажетті отын қорын коммуналдық қызметтерді, қазандық автоматикасын қызмет көрсетуді, есептегіштер мен манометрлерді тексеруді, от жағушылар мен операторлардың оқуын, қазандықтардың техникалық куәландыруын ұйымдастырады.
Аудандағы балабақшаларға қажетті 1045 тонна қатты отынға шілде-тамыз айларында конкурс жарияланған. Толық жеткізілуі қыркүйек айында күтілуде.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда газ кіргізілген елді мекендердегі 19 мектептің қазандықтарын қатты отыннан газға ауыстыру жұмыстары қолға алынуы жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, Қордай ауданы 2025–2026 оқу жылын толық дайындықпен қарсы алуға жақын. Оқушылардың материалдық қамтамасыз етілуі, мұғалімдердің кәсіби дайындығы, білім беру нысандарындағы инфрақұрылымдық жұмыстар мен қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қамтылған.
Жаңа оқу жылы аудан мектептері үшін тың серпін мен жаңа белестерге жол ашады деген сенім бар.
Дайындаған Жандос ОМАРОВ