18 тамыз – Қазақстан Республикасы Шекарашылар күні. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын күзететін ержүрек жандардың кәсіби мерекесі. 2012 жылы Президенттің 1992 жылы Шекара әскерлерін құру туралы Жарлығына орай белгіленген бұл күн – шекарашылардың ерен еңбегі мен елге адалдығын ұлықтайтын күн.
Осы ерекше дата қарсаңында біз өз өмірін Отан шебін қорғауға арнаған жан – Наталья Анатольевна Қырғызбаева туралы айтқымыз келеді. Оның өмір жолы – ерлік, махаббат пен адалдықтың жарқын үлгісі.
Наталья Анатольевна 1957 жылы Ресейдің Красноярск қаласында дүниеге келді. Мектепті бітірген соң, Мәскеуге аттанып, сол қалада болашақ жары – шекарашы офицер Болат Қырғызбаевпен танысады. Қазақ офицерінің жүрегін жаулаған орыс қызы өзінің болашағын қазақ жерімен байланыстырарын сол кезде сезбеген де шығар. Тағдыр оны Қазақстанға – Қытаймен шекарадағы Ұшарал қаласына алып келеді.
«Қазақстан мені құшақ жая қарсы алды», – деп еске алады Наталья Анатольевна.
– «Мені Алматы бірден баурап алды, күйеуімнің отбасы өте жылы қабылдады. Бұл менің шекара әскерлеріндегі қызметім басталған 1993 жыл болатын. Қытай шекарасында жұмыс істеу өте қызықты болды. Өзімді өз орнымда сезіндім. Ондағы тәртіп пен талап – өте жоғары деңгейде еді».
1993 жылдан бастап Наталья Анатольевна шекара қызметіне ресми түрде кіріседі. Қазақстанда туған емес, бірақ оның шебін қорғауға бел буған бұл жанның батылдығы мен патриоттығы – ерекше құрметке лайық. Ол бұл саладағы барлық міндеттерді табандылықпен атқарып, өз ісінің нағыз маманына айналады.
2005 жылы Наталья Анатольевна Қордайға, қазақ-қырғыз шекарасына ауысып, жаңа аймақта да өз кәсібилігін дәлелдейді. Шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде оның үлесі зор.
«Мен 20 жыл бұрын Қордайға келгенім үшін тағдырыма өте ризамын», – дейді ол.
– «Бұл жақтан кетем деген ой ешқашан болған емес. Мұнда мені де, балаларымды да, немерелерімді де үлкен жылулықпен қабылдаған тамаша адамдар тұрады».
2016 жылы Наталья Анатольевна зейнетке шықты. Бірақ оның шекара қызметіндегі ерен еңбегі мен еліне деген сүйіспеншілігі ел есінде мәңгі сақталады. Ол бір қыз бен бір ұл тәрбиелеп, бүгінде үш немеренің ардақты әжесі. Ұлы Тимур қазақ қызына үйленіп, екі ұл тәрбиелеп, Алматыда тұрады. Ал үлкен немересі Антон – әжесінің мақтанышы. Ол «Береке» колледжін бітіріп, қазір Қырғызстандағы туризм академиясында оқиды. Антон өз болашағын туризм саласымен байланыстыруды армандайды, биыл мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болды.
Наталья Анатольевна үшін отбасы – басты байлық болса, шекара қызметі – өмірінің мақтанышы. Оның өмірі – жас ұрпаққа өнеге, шекара күзетінде қызмет ететін әрбір жан үшін мақтаныш.
Мадина УЗБЕКОВА