Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осының аясында биыл елімізде әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Яғни, техникалық және кәсіби білім беру жүйесі реформаланып, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталуда. Бұл қарапайым еңбек адамдарын бір қуантып, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты кез-келген салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандарының мәртебесін арттырмақ.
Сәрсенбі күні №7 Бетқайнар колледжінің базасында жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Адал азамат. Кәсіби маман» тақырыбында облыстық форум өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, облыстық білім басқармасының өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесі және облыс, аудан бойынша колледж басшылары қатысты.
Форум алдымен колледжде басқосудан басталды. Онда білім ордасының директоры Гүлнар Әлімбаева және облыстық техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышева форумның мақсаты жайлы айтып берді. Бұдан кейін шараға қатысушылар колледж базасымен, жатақханамен, киіз үйдегі қолөнер және көрмемен, тігін цехының жұмысымен танысып шықты. Айта кетейік, жатақхана алдына жайғасқан киіз үйді осы білім ордасының түлектері 2019 жылы дипломдық жұмыс ретінде өз қолдарымен жасаған екен. База демекші, білім ошағының оқу кабинеттері ең озық үлгіде безендірілген, ал жатақхана жөнделіп, төрт қабатты ғимараттың екінші және үшінші қабаттарында жатын бөлмелер жаңа әрі жайлы төсек-орындармен жабдықталған. Бір бөлмеде екі білімгерден орналастырылады, барлығы 100 балаға жағдай жасалған екен. Тігін цехында білім алушылардың дағдыларын дамытып, кәсіпті барынша жақсы меңгеруі үшін барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтар қойылған.
Форумның негізгі бөлігі Соғанды ауылына кіреберістегі колледждің оқу-шаруашылық базасында өтті. Тау басындағы алып базада киіз үйлер қойылып, сахна және бастырма орнатылыпты. Анадай жерде колледж білімгерлерінің нақты практикалық біліктілігін шыңдауға арналған су жаңа техникалар қойылған. Ондағы шара Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің сахналық көрінісінен басталды. Негізгі мазмұны — жұмысшы мамандықтардың кәсібі жайлы баяндау еді.
Ресми бөлім басталғанда сахнаға Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет көтеріліп шараның мән-маңызын атап өтіп, колледж басшылығы мен білікті оқытушылардың еңбектеріне табыс тіледі.
-Жұмысшы мамандығын меңгерген Өтеген ауылының жігіттері жайлы айтсам деп едім, — деп бастады өз сөзін Төле Аманжолұлы. – Оларға шет жерден маман қажет емес. Өз араларында құрылысшыда да, дәнекерлеуші де, темір ұстасы да бар. Кез-келген жұмысты өздері келісіп істей береді. Міне, жұмысшы мамандығының маңызы осында әрі мұндай мамандар қазіргі уақытта өте қажет.
-Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру процесінің ең өзекті міндеті бұл адал азамат, кәсіби маманды қалыптастыру деп баса айтқан болатын. Әрине, ел Президентінің тапсырмасы кәсіптік және техникалық білім беру саласының қызметкерлеріне үлкен міндет жүктейді. Біздің Жамбыл облысында бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқаны баршаңызға белгілі, — деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы. – Осы бағытта жаңа мамандықтар ашу көзделіп отыр. Бастау алған жұмыстар сәтті болсын.
Бұдан соң сөз алған қытайлық «Шенси» ЖШС директоры Хуан Тао мырза Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы таумен, сумен жалғасқан, мәңгі достық орнатқан көршілес мемлекеттер екенін атап өтті. Компания №7 Бетқайнар колледжімен серіктес ұйым. Сондықтан бірлескен күш-жігер нәтижесінде тағы төрт мамандық ашу көзделуде. Хуан Тао мырзаның айтуынша, осы мамандықтарға арналған оқу және тәжірибелік жабдықтар толықтай қамтамасыз етілетін болады.
Форум бағдарламасы бойынша ары қарай еңбек адамдарын марапаттау рәсімі өтті. Атап айтсақ, түлектерді жұмыспен қамтып отырған «Сұлтан Бейбарыс» шаруа қожалығының жетекшісі Біржан Құттықов пен белгілі кәсіпкер Әсия Онгелдиеваға құрмет көрсетілді.
Осылайша, облыстық деңгейдегі шара шағын концерттік бағдарламамен жалғасып, қонақтар шараның жоғары деңгейде өткенін, колледж ел көлеміндегі бірегей білім ордасы екеніне көз жеткізіп тарасты.
Анжела ИЗАЕВА
Сурет Айбек НӘКЕН