Қордай ауылының Красный партизан шағын ауданындағы №6 Шерхан Мұртаза атындағы орта мектепте 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Биыл барлығы 19 сынып жинақталған, оның ішінде екі бірінші сынып, екі оныншы сынып және бір он бірінші сынып ашылған. Үш қабатты мектеп ғимаратында балалардың сапалы білі алуына барлық жағдайлар жасалған, материалдық-техникалық базасы толық, асхана, кітапхана, спорт залы бар.
-Жалпы мектепте 43 ұстаз еңбек етеді, соның ішінде 5 педагог-зертеуші, 19 педагог-сарапшы және 19 педагог-модератор. Барлық ұстаздар жоғары білімді, көп жылдан бері еңбектеніп жүргендер, — дейді мектеп директоры Айжан Бейсенқұлова. Айтпақшы, ауылдағы алғашқы қоңырау мерекесіне аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізова қатысты. Мектеп табалдырығын енді аттаған кішкентай балақайлардың шағын концертінен кейін мектеп басшысы спорт, өнер және интеллектуалды білім салаларында үздік деп танылған балаларды марапаттады. Айжан Сайынқызының айтуынша, биылғы оқу жылында оқушылар саны біршама көбейген. Өткен оқу жылын 350 бала аяқтаған болса, жаңа оқу жылында бала саны 400-ге жуықтаған. Ауыл жұртын қуанышқа бөлеген биылғы жаңалық – осыған дейін 9 жылдық негізгі мектеп болып келген білім ордасы 11 жылдық орта мектеп деп бекітілді. Енді партизандық балалар он бір жылдық мектепте білім алатын болды.
Жалпы осы күні ауданымыздың барлық мектептері оқушыларды қуанышпен қарсы алды. Енді білім ошақтары, ұстаздар қауымы мен оқушылар жаңа күшпен жаңа білім биіктерін бағындыруға барын салатын болады.
Ендеше іске сәт!
Әділет Құттыбай, Анжела ИЗАЕВА