Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, аты мәңгіге қалып, артындағы өнегелі істері, көрсеткен ғибраты мен адами амалдары мәңгі өмір сүріп, өзі кетсе де ел жадында сақталып, жақсылығы мен шарапаты ел кәдесіне жарап жататын тұлғалар болады.
Қырғыздың Қызыломпол тауының сілемі Ортатоқай деген жерінде дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырын ата-бабасының мекені қазіргі Қарасай батыр ауылында өткізген, өзіндік ұстанымы болып, халық арасында белгілі болған батагөй қария, ақын, шежіреші, саятшы, басшылық қызмет атқарған, бір елдің бас көтерер азаматы Асық Уәлиұлы 2024 жылдың 21 желтоқсанында өмірден озды деген қаралы хабарды естіген қай жанды болса да бей — жай қалдырмаған шығар деп ойлаймын.
Төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ пен қырғыз қатар өмір сүріп жатқан осы өңірде Асық ағаны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі десем сөзім артық емес шығар.
Елдің тұғырлы тұлғасының арамыздан мәңгілік кетуі отбасы, әулетін айтпағанда бүкіл елге оңай тиген жоқ. Асық деп атын атағанда кескін келбеті мен сымбаты жарасқан, ақылына ажары сай, сөздері сенімді де, салмақты, шаршы топта суырылып шығып, сөз бастайтын шешен, жақсылық пен жамандықта батасын беретін абыз ақсақалдың бейнесі көз алдыңа келеді.
Жан-жақты дарынын айтуды бата турасында бастайтын болсақ, көп әңгімені ширатуға болады. Алты алаштың арысы Бауыржан Момышұлының бата туралы анықтамасында былай делінген екен ; «Бата деген құран сөзі, Құран Құдай сөзі. Бата деген қазақтың темірқазығы, рухани азығы. Бата әдебиет, бата мәдениет. бата қасиет, бата өсиет.» Бауыржан батыр айтқандарымен ұштасып жатқан, бата деген құдіретті бойына сіңіре білген оның ішінде туған жерінің , одан қала берсе бүкіл қазақтың тарихынан, шежіресінен, әдебиетінен, баталарынан, ақындық өнерінен нәр алған , Асық Уәлиұлы төрт аяғын тең басқан майталман қаламгер, ақылшы ақсақал, өз ортасында ел мойындаған көшбасшы бола білді.
«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» дегендей әр жағдайға, әр қуанышқа жанынан шығарған, айтылған баталарын көздің қарашығындай сақтап, жинақтап кітап етіп шығаруы елге қажет құнды еңбек болды. Бата беру – қазақ салт-дәстүрлерінің ішінде әлі күнге дейін қолданысқа ие болып, ескірмей келе жатқан салттың бірі. Осы еңбегімен автор бұл дәстүр – тәрбиенің бастауы екенін және қазақ қандайда бір істі бастамас бұрын үлкендердің алғысы мен батасын алмай істің оңға баспайтынын өз оқырмандарының есіне салып, назарларына жеткізгісі келгенін көреміз. Әсіресе үлкен ағаларымыз, ақсақалдарымыз кейде бата сұраса қашқақтап, қиналып қалатын тұстарын бәріміз білеміз. Өсіп келе жатқан жастарымызға қаншалықты қажеттілігін, бата берудің қазақ руханиятының ажырамас бөлігі екенін ескерсек Асық ағамыздың «Ақ бата – асыл қазына, қасиетті асыл сөз» атты бұл кезекті кітабының маңыздылығына көзіміз жетеді.
Асық Уәлиұлының тағы бір қыры, ақындығы туралы айтқан көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлының сөзін еріксіз еске аламыз. «Көргені көп, көңілге түйгені көл-көсір, кемел ойлы келісті жандар әр ауылда көп те болмас. Алайда бар. Сол бардың ішіндегі бір ағамыз Асық Уәлиұлы ақсақал. Өлең жазып жүру — оның жан қалауы Өмір бойы шаруашылық өндірісінде қызмет еткен Асекең өмір бойы жарық дүниенің «жан алып жан беретін» жанталас тірлігін жанай өтіп жүре бермей, оның өзі аңдаған, пайымдаған қилы-қилы құбылыстарын қағаз бетіне түсіріп, түйсігінің түбіне тұнып жатқан ойларын өлең арқылы түгендеумен келеді. Бұлай ету кез-келген көген көздің қолынан келе бермейді. Ақыл – парасат, табиғи білімдарлық пен біліктілік, өмірдің оғындай сөз бен мінез керек. Кезегімен келіп, кетіп жататын ұрпақтардың ғұмыр көшінен келесілеріне қалып отыратын ұлы Асық ағамыздың басты тақырыбы». Қайран Несіпбек аға қаншалықты әділ, нақты жоғары баға берген. Асекең осы жоғары бағаны не үшін алды ?
Асыл ағамыздың білікті маман, көшбасшылығын айтпағанда, саналы ғұмырын ел ертеңіне арнаған, жастар келешегі үшін, түн ұйқысын төрт бөліп, көзінің майын тауысып жазған, жүрегін жарып ұшқан кітаптары үшін алды.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін
Жоқ-барды ертегіні термек үшін
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,» — деп Абай айтқандай Асық аға бұл құнды еңбектерін, жыр-шумақтарын өскелең ұрпақтың болашағына арнады. 2015 жылы жып-жылы, жанға жайлы «Аманат» атты жырлар жинағы жарық көрді. Мысалы мына «Адам өзгерді ме, заман өзгерді ме?» деген өлеңінде тамыры тереңге тартқан, адамгершілік, мейірімділік пен тектілігінен танбаған қазақ халқының кейбір өкілдерінің осы кезеңде неге азғындықтың жолына түсті екен деген алаңдаушылығын нақты көреміз, сезінеміз.
Әділдік, шындық азған заман болды,
Көбейді таңдағандар арам жолды.
Кәнігі жеп үйренген жемқорлардың,
Іздегені алдау, жеу, амал болды.
Ал, келесі тағы бір «Жастықтың базары» деген өлеңіне назар аударсақ мәңгі тақырып жастық шақ адамзаттың ең бір қызық, қымбат шағы алау жастықтың қадіріне жету керектігін және босқа өткізбей өмірден өз орнын табу қәжеттілігін меңзейді.
Жаратқан жас өмірді екі бермес,
Ойласаң жас өмірге не бар теңдес?
Кетпестей көрінетін қайран жастық,
Тілесең де, сұрасаң да енді келмес.
Сонау 2009 жылы Т. Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы «Атадан аманат ұрпаққа ұлағат» облыстық ақсақалдар байқауында :
Мен Қордай кәрі тарлан сұңқарымын,
Қосылған аламанға тұлпарымын.
Болғанда әкем Уәли, атым Асық,
Атақты Қарасайдың ұрпағымын – деп бір таныстырса, артыннан
Қордайдың табысы мол таңқаларлық,
Қазір тұр облыстың алдын алып,
Табыстан, ынтымақтан, проценттен,
Алдына көрген емес аудан салып — деп, бір ауылдың ғана емес бүкіл ауданның намысын жыртып, жоғын жоқтайтын, жанашыр, ауқымы кең, өрелі азаматтық тұрғыдан сөйлеп;
Қордайдан Кенен, Сарбас ақын шыққан,
Өтеген, Қарасайдай батыр шыққан.
Ноғайбай, Кебекбай мен Жанқойлықтай,
Даналар сөзге шешен асыл шыққан – деп өзінің туған жерінің тарихын жетік білетін білімділігін, жан-жақтылығын, патриоттық сезімін жоғары деңгейде білдіріп, мерейі үстем болып, қазылар алқасы шешімі бойынша жеңімпаз болып, «Шежірелі қария» атағын алғанына бәріміз куә болдық. Өз өмірін де, ел өмірін де өлеңмен өрнектеген ақын ағамыздың жүріп өткен жолынан бір үзік сыр осы.
Асық аға 1955 жылы инженер мамандығы бойынша Фрунзе қаласында оқуын бітіріп шыққан соң бас инженер болып 40 жыл, барлығын қосқанда табаны күректей 44 жыл қызмет еткен екен. Жас маман ретінде Қырғызстанда басталғанмен бүкіл саналы өмірін туған жеріне келіп табан тіреп, қасиетті мекені үшін аямай тер төкті. Өзінің бауыр жерлестерінің жағдайын, ел әлеуетін көтеруге, жеке азаматтардың әлеуметтік жағдайларын шешу жолындағы еңбегін ел біледі. Басқаны айтпағанда менің әкем мен біздің отбасы Асық ағамыздың шарапатын молынан көрдік. Жас болсақта бәрі көз алдымызда. Ондайды ұмыту мүмкін емес шығар. Өмірінің соңында риясыз көңілімен, әкелік сүйіспеншілігімен маған беріп кеткен батасын өз басым тебіренбей еске ала алмаймын. 2023 жылдың 25 қаңтарында маған «Аманат» деген өлеңдер жинағын силап: «Балам Кәміл ! Атаңды ұмытпай жүр» деп жазып, қол қойып беруінде мен үшін үлкен маңыз болды деп ойлаймын. Маған өзінің ой-армандарын, қала берсе шығармашылығын аманат еткен сияқты көрінді. Оны мен ұмытпақ емеспін. Көңілі жүйрік , сезімі сергек
Жалпы ағамыздың ғибратқа толы қызмет еткен жылдары мен өмір жолы туралы да , ұл-қыздарының өмірдегі орындары туралы да, өзінің еліміз үшін ең қиын кезеңдеріндегі ерен еңбекке толы жылдары туралы және өзін танып, азамат болып қалыптасуында үлкен рөлі бар, көкірегі ояу, болашағын болжай білген Құрманалы ағасы туралы да Асық Уәлиұлының образын сомдаған қаламгер, жорналшылар Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Болат Жаппарұлы мен Қазақстанның Құрметті журналисі, Қордай ауданының құрметті азаматы Құрманбек Әлімжан ағаларымыз өз мақалаларында керемет жеткізіп жазып кеткен екен. Сондықтан мен ол тұстарға көп тоқталмай- ақ қояйын деп шештім.
Асық Уәлиұлының саналы ғұмырындағы шоқтығы биік еліне жасаған жақсылығы, қазақ халқының өмірлік ұстанымы болған үлкен дүние шежіре жазуды қолға алуы еді. Текті қазаққа шежіреден артық қандай тақырып бар?!
Бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы – деген ұстаным болған. Бұрын бес жасар балаға дейін білген. Бізді бұдан айырған мектеп оқулығында «Сенің атаң маймыл» — деген еврейлік ақ патша мен совет үкіметінің саясаты еді.
Санасы бар халықтың ұлттық намысы , ұлттық рухы оянатын кез келгенін түсінген ағамыз жасынан қызығушылық танытып жүрген осы маңызды іске кірісуі тегін емес. Осы тұрғыда Асық аға өзі былай деп әңгімесін айтады : «Дегенмен ата тегімді білсем деген қызығушылық жас кезімнен бар еді. Өз әкемнен , ағаларымыздан, кәрі құлақ қариялардан сұрай беруші едім. Кейде естігендерімді парақшаларға, блокнотқа түртіп жазып та жүрдім. Сол кісілердің арасында шежірені Доспанбет, Қонысбай, Айтбай, Қайнарбек ақсақалдар толық жақсы талдап, айтып беретін. Сондай-ақ Әбдірахим, Беспай, Нури, Сұлтан ағайлар да жақсы әңгімелеп талдайтын. 1990 жылдардан бастап шежірелер шыға бастады. Білгеніміз әжептеуір кеңейіп, көзіміз ашылғандай болып қалды».
Кеуделері көлдария қайран аталарымыздың орны мен бағалары ерекше екен ғой. Бүкіл қазақ елінің бүтіндігін сақтайтын шежіре жеке рудың адамдарына да өте қажет екені айдан анық еді. Демек шежіре аталарымыз үшін тарих қызметін атқарған.
Қылышынан қан тамған кеңес үкіметінінің шырмауынан шыға алмай, санасы сан саққа шашырап, ел ұйықтап жатқан заманда шежіре жазуға қаншалықты жанкештілік пен батырлық және көңіл жүйріктігі мен қажет болды десеңізші. Ол кезеңде жеті атасын білмей адасып жүрген жастар да, үлкендер де болғанын көзіміз көрді.
Алғаш рет 1998 жылы «Қарасайдың ұрпағы Түктіқұрттың шежіресі» кітабы шықса, оны толықтырып 2005 жылы «Шапырашты Қарасай батырдың ұрпақтары Түктіқұрттың шежіресі» кітабы жарық көреді. Әрине шежіренің әңгімесі осымен бітті деуге болмайтыны белгілі. Асық Уәлиұлы бастап кеткен ұлы бастаманы жалғастыру кейінгілердің арасынан шығатын арманы асқақ, өрелі, рухты жастарымыздың еншісінде деп ойлаймын.
Асекең туған ауылы, қазақ қоғамы, жастардың болашағы үшін зор парасатты, табандылықты, жауапкершілікті және ар-намысты қажет ететін қомақты адами іс-әрекетін айтпай кетуге болмас сірә. Өткен тарих қойнауында қалып қойып, ел жадынан шыға жаздаған өткен ғасырдың 30-шы жылдары осы өңірдің қала берсе бүкіл Орта Азияға белгілі тұлғасы болған ауылымыздың тумасы, даңқты Қарасай бабамыздың сарқыты Түктіқұртұлы Кәумен батырдың ұрпағы, қаһарман Боташұлы Ағыбайдың атын бірінші болып тірілтіп, жан берген еді. Кеңес үкіметінің солақай, жауыздық саясаты мен жалған насихатының арқасында ел үшін от кешіп, өмірден баз кешіп, жанын азапқа салған Ағыбай батырдың өмірін әлі де түсіне де, мойындай да қоймаған жерлестеріміздің бар екені өтірік емес. Біраз қиындықтарды жеңе отыра Еңбек ауылындағы батыр өзі тұрған көшесіне аты берілуіне Асық аға тікелей мұрындық болды. Ізденіп, бар білгенін ортаға салып, батырдың атын ұлықтап аудан, облыс көлемінде газеттерге мақалалар жазып, бұлыңғыр жерде жарық сәулесін түсіргендей болды. Әрине мұндай қадамға бару еліне деген, елінің төл тарихына деген шынайы жүректен шыққан жанашырлығы, көңіл жүйріктігі мен сезім сергектігі керек болды деп ойлаймын.
Асық ағамыз үлгере алмай, толық кемеліне жеткізе алмай кеткен Ағыбай батырдың асыл бейнесін елге таныстырып, жас буын тәрбиесіне жарататын міндеттер бар екені даусыз. Көкірегі ояу, көзі ашық ел азаматтарымен және екі ауыл халқының ниеттермен Еңбек ауылына батырдың аты берілетін күнде алыс емес деген үмітіміз зор. Сонда екі ауылдың тұрғындарының қасиетті мекені «Батырлар елі» болмай ма!
Қазақтың ықылым заманнан келе тарих қойнауынан алған саф алтындай қазынасын ой елегінен өткізіп, өзінің жүрегін жарып шыққан төл шығармаларын ұл-қыздарымның бір кәдесіне жарасын деген ниетімен Асық ағамыз қолынан қаламын тастамады. Саналы, салиқалы ұрпағы көп болып, осы маған керек десе нұр үстіне нұр болар. Әлі де еліміз еңсесін көтеріп, жастарымыз осындай ағаларымыздың өнегесіне назарларын тіктеп, оқып танысатынына сеніміміз зор !
Басынан ақ жаулығы түспеген, аналық мейірімін төгіп өткен, Асық ағамыздай азаматының жолында қалтқысыз еңбек етіп, тілеуін тілеп өткен адал жары Айымкүл Айтбайқызының ерен еңбегін, қазақ әйеліне тән асыл қасиеттерін қалай айтпай өтеміз. Ол анамызда батасын беріп кетті бәрімізге. Ел алдында азаматтық , перзенттерінің алдында ата-аналық борышын толығымен орындап кеткен екі жанның әруағының алдында басымызды иіп тағзым етеміз. Жандары жәннатта болсын ! Артында қалған ұрпағы, батырлар мен ақындарға бай ел-жұрты аман болсын.
Кәміл Бейсеқан, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогика университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Қарасай батыр ауылының тумасы.