Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен, елімізде 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғаны белгілі. Бүгінде қолға алынған бастама кезеңінің бел ортасынан өттік.
Бұл ретте, еңбек адамын дәріптеуге бағытталған аталмыш жыл аясында Қордай аудандық орталық аурухананың Ас-үй блогы қызметкерлерімен сұқбат жүргіздік. Аудандық ауруханадағы заманауи ас блогы – науқастардың тамақтану сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Тамақтандыру бөлімінде жоғары санатты аспаздар жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Ирина Кульнева – бас аспаз, еңбек өтілі – 14 жыл, Елена Машкова – аспаз, еңбек өтілі – 12 жыл, Шолпан Болатовна – аспаз, еңбек өтілі – 8 жыл, Альбира Байсапакова – аспаз, еңбек өтілі – 1 жыл, Анара Болпанкулова – қойма меңгерушісі, еңбек өтілі – 10 жыл.
Олардың кәсіби білімі мен дағдысы тағамды тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар дәмді етіп әзірлеуге мүмкіндік береді. Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылған, бұл тамақтандырудың үздіксіз болуын және әрбір ас мәзірінің балғындығын қамтамасыз етеді.
«Біздің ауруханада пациенттердің тамақтануына ерекше назар аударылады. Тағамхана заманауи жабдықпен қамтылған және барлық санитарлық талапқа сай келеді. Біз медициналық көрсеткіштер мен әрбір пациенттің жеке қажеттігін ескере отырып, дәмді және пайдалы тамақ ұсынамыз», — дейді орталық аурухананың диета бойынша медбикесі Наталья Яковлева.
Наталья Генадьевна медицина саласында 36 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Ол 1988 жылы Тоқмақ медициналық училищесін аяқтаған. Айтуынша, 2009 жылдан бері аудандық орталық аурухананың ас үй бөлімшесінде диета бойынша медбике болып еңбек етіп келеді.
«Науқастың денсаулығын күтініп, дұрыс тамақтануы тиімді емдеу құралы ретінде де үлкен маңызға ие. Кез-келген ауруда диетаның белгілі бір әсері бар, ал кейбір жағдайларда дерттен сауығуына тікелей әсер етеді»,- деді ол.
Қордай аудандық ауруханасында арнайы диеталар мен тамақтану режимі талаптарын сақтай отырып, 5 мезгілдік тамақтану жүйесі ұйымдастырылады. Атап айтсақ, «таңертеңгілік ас», «2-ші таңертеңгілік ас», «түскі ас», «жеңіл аралық тамақ», «кешкі ас».
Қордай аудандық ауруханасының ас үй қызметі – Президенттің «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасын нақты іс-әрекеттермен жүзеге асыруда. Бұл жердегі әрбір маман тек тамақ дайындаумен шектелмей, науқастарды сауықтыруға ықпал ететін маңызды медициналық қызмет ретінде еңбек етіп келеді.