Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі – ауылшаруашылығы және логистика орталықтарын дамыту жайына айрықша назар аударды.
«Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту.
Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз 100 пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят.
Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек», деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс, – деді.
Соңғы жылдары Қордай ауданына да көптеп инвестиция тартылып, жаңа өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңарып келеді. Бұл – аудан экономикасының дамуына тың серпін беріп жатқан маңызды үрдіс. Сондықтан Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңғырту жөнінде нақты тапсырма беруі біз үшін ерекше маңызға ие.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Инвестиция тарту саясатына басқаша көзқараспен қарауымыз керек» деген сөзі – бүгінгі уақыт талабынан туындап отыр. Расында да, қаражаттың көбі шикізат саласына бағытталып келгені белгілі. Ал ендігі міндет – өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологияларға және шағын және орта бизнеске көбірек қаржы тарту.
Инвестицияның өңдеу саласына келуі қосымша жұмыс орындарын ашады әрі жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.
Қордай ауданы ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңдеу әлеуеті жоғары өңір ретінде инвесторлар үшін тиімді аймаққа айналып келеді. Сондықтан инвестиция тарту жүйесінің жеңілдеуі, қағазбастылықтың азаюы – ауданымыздағы кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болмақ.
Президент «Жұмысшы мамандықтарына» деген құрметтің арта түсетінін айтты
«Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда.
Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр. Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды.
Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал.
Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі».
«Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық», – деді Мемлекет басшысы.
Ғалымжан Оспанов, Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы