Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – кез келген елдің экономикасы мен әлеуметтік саласының іргелі салаларының бірі болып табылады. Ол экономикалық қатынастардың дамуына және мемлекет халқының әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың негізгі әлеуметтік миссиясы халықты әр адамның өмірі мен қызметі үшін қажетті коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз етуді жүзеге асыру болып табылады. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен жұмысшы мамандықтары жылының аясында, аудандық коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорнының экономист маманы – Гүльмира Жомартовамен тілдестік.
«1985 жылы Алматы қаласындағы Нархоз университетінің экономика факультетін тамамдап, еңбек жолымды 1986 жылы аудандық өндірістік комбинаттың экономисті болып бастаған едім. 1988 жылға дейін жас маман ретінде тәжірибе жинақтап, содан кейінгі жылдарда әрі қарай дағдыларымды жетілдірдім. 2015 жылдан бері аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорнының экономисті ретінде еңбек жолымды жалғастырып келемін», — дейді ол.
Гүльмира Кәріпбекқызының сөзінше, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тұрақтылығы мен сапасы – халықтың тұрмыстық қажеттіліктерін уақытында қамтамасыз етуге байланысты. Осы мақсатта ол шығындарды нақты бағалау, тарифтерді әділ есептеу және жобаларды тиімді жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізеді. Бұл процестер тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз етуге және әлеуметтік әл-ауқатты көтеруге септігін тигізеді.
Қандай сала маманы болса да, еңбек адамына құрмет көрсету – бүгінгі жас буынның міндеті.
Президент айтқан мамандықтар жылының аясында еңбек адамдарына деген құрметтің әлеуметтік үлгісін қалыптастыру – жастардың кәсіби бағын ашу мен еңбек нарығын тұрақтандыруға бағытталған кешенді саясаттың маңызды бөлігі.
ӘДІЛЕТ ҚҰТТЫБАЙ