ЫНТЫМАҚ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ БАСТАУЫ

0

Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясындағы кездесулер Қордай ауданының бірнеше елді мекенінде ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар 30 қыркүйек пен 1 қазан күндері Қаракемер, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу және Степное ауылдық округтерінде өтті.

 

Жобаның негізгі мақсаты — қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және тұрғындарға құқықтық, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету.

Ауқымы кең шараға Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева қатысты. Кездесу барысында ауыл тұрғындары, қоғам белсенділері, этномәдени бірлестік өкілдері өзара ашық пікір алмасып, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелерін талқылады. Қатысушылар мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету жолындағы бұл жобаның маңыздылығына тоқталды.

Ауыл ақсақалдары мен беделді азаматтар сөз сөйлеп, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған бастамаларға қолдау білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Жоба аясында арнайы құрылған жұмыс тобы тұрғындарға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және кәсіби бағыттар бойынша кеңес беріп, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап ұсынды. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында жастарды бір арнаға тоғыстырған тағылымды да маңызы зор спорттық шара өтті. Бұл турнир – ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің, достық пен сыйластықтың нақты көрінісіне айналды. Жастар спорт алаңында бас қосып, өзара түсіністік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті. Тартысқа толы да қызықты өткен жарыста командалар жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әрбір сәт спорт мерекесіне ұласып, әділ бәсекенің, адал еңбектің, достық пен сыйластықтың шынайы салтанатын паш етті.

Нәтижесінде   1-орын – «Ақ жол»,  2-орын – «Сарыбұлақ» , 3-орын – «Барыс» командасына бұйырды.

Сонымен қатар, үздік өнерімен дараланған спортшылар арнайы номинация-лар бойынша марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.