ЗЕЙТІН АНАНЫҢ АРДА ЖОЛЫ

0

Қазақ халқының қастерлі ұғымдарының бірі — ананың төзімі мен парасаты, ұрпағына деген мейірімі мен қайрат-жігері. Осындай аяулы аналардың бірі —

ауылдастары «машинелі апа» деп атайтын Зейтін апа еді. Оның ғибратты ғұмыры, тағдыр тәлкегіне қарсы тұрып, екі жетімді адам еткен ерлігі

мен даналығы — бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық.

 

Ауылдастары Зейтін апаны неміс тігін машинасы бар болғаны үшін «машинелі жеңеше, машинелі апа» деп атайтын. Ол кезде бұндай құрал өте сирек кездесетін. Апамыз сол тігін машинасымен екінші Күнбатыс, Қызылсай ауылдарындағы әйелдер мен қыз-келіншектерге киім тігіп беріп, елдің алғысына бөленді.

Зейтін апа — Жұмабай мен Саяқтың анасы. Ол өзі ешқашан тағдырын тәптіштеп айтпаған. Бірақ біз оның өмір жолын әжемізден естіп өстік.

Зейтін апа Теріскейдің қызы болған. Жиырма жасында Байгел атамыздың ағасы Ыққанбайға тұрмысқа шығады. Алайда бақытты шағы ұзаққа созылмады — екі жасар баласы шетінеп, өзі жесір қалды. Осылайша, өмірдің алғашқы соққысын ерте көреді.

Сол кезде қайнысы Үмбеттің әйелі Нұрилә Тұратқызы 1935 жылы қайтыс болып, артында жалғыз ұл Жұмабай қалады. Қазақы дәстүрмен Зейтін апа әменгерлікпен Үмбетке тұрмысқа шығып, жетім қалған Жұмабайды өз бауырынан туғандай бағып, мейірімін төгеді.

Үмбет колхозда арбакеш болып жұмыс істейтін. 1937 жылы су тасып келе жатып, аты үркіп, арба аударылып қаза табады. Осылайша, Зейтін апа тағы да жесір қалады. Бірақ бұл жолы қолында Жұмабай атты аманаты бар еді.

1937 жылы Айдынбайдың үлкен ұлы Қали Иманбайдың қызына үйленеді. 1938 жылы Саяқ дүниеге келеді. Алайда, үш айдан соң Саяқтың анасы дүние салып, ол да жетім қалады. 1939 жылы Қали Зейтінге үйленеді. Бірақ бұл отбасы бақыты да ұзаққа бармайды. 1942 жылы Қали Отан қорғауға аттанып, соғыста ерлікпен қаза табады. Қара қағаз келеді. Боздақтар қатарында есімі жазылып, бауырлас қабірге жерленген.

Соғыс жылдары Зейтін апа екі жетімді — Жұмабай мен Саяқты  бауырына басып, барлық қиындыққа төтеп береді. Балаларымен төркін жұрты Дегерес совхозында тұрады. Жұмабай Қаскелеңдегі интернатта оқиды, ал Саяқ бірінші сыныпқа барады.

1946 жылы көктемде Жұмабай науқастанып, ауруханадан әбден әлсіреп шығады. Анасы баласын арқалап, Саяқты жетелеп, Күнбатыс колхозындағы малшылар жайлауына дейін жаяу жол жүреді. Ол кезде көлік те, жағдай да жоқ. Жолда екі күндей жүріп, жайлауға жетеді.

Жайлауда бір апта жатып, баласына қымыз ішкізіп, әлдендіреді. Бірақ баласы әлі жүре алмайды. Жылқышы Асырмолда Жұмабайды жуас сиырға мінгізіп, анасын жетектетіп, Саяқты сиырдың құйрығынан ұстатып, ауылға жеткізеді.

Зейтін апа балаларын оқытты, қатарынан кем қылмады. Жұмабай Қызылсайда 7-сыныпты, Талаптыда 10-сыныпты бітіріп, 1953 жылы мұғалімдер институтына түсіп, білікті ұстаз атанды. Ол Күнбатыс мектебінде мұғалім болып қызмет атқарып, зейнетке шықты. Жұбайы Меруерт екеуі бірнеше бала тәрбиелеп, барлығы жоғары білім алып, түрлі салада қызмет етіп жүр.

Саяқ та мектеп бітіріп, ветеринария мамандығын игеріп, Красногор ауылында бас ветеринар-дәрігер болып еңбек етті. Жұбайы Күләш — педагог. Қазір екеуі де зейнетте. Балалары — жоғары білімді мамандар.

Зейтін апа өмірінің соңына дейін Саяқтың үйінде тұрды. Немерелерін тәрбиелеп, шөберелерінің қызығын көріп, ақ бата беріп кетті. Балалары анасын жанындай сүйді, анасының ақ сүтін адал ақтады.

Зейтін апа — атағы шыққан батыр болмаса да, өмірдегі нағыз күрескер. Ол екі жетімді бауырына басып, қиын-қыстау заманда еңбекпен, төзіммен, тігіншілікпен, аналық махаббатымен елге үлгі болды.

Оның ұрпағының бірі  Жақанша — Қазақстандағы алғашқы логопед-маман болса, Сапарбек — елімізге танымал банкир атанды. Немере-шөберелері – түрлі салада қызмет етіп жүрген ел азаматтары.

 

Есімқұл Халықбаев,

 зейнеткер, медицина саласының ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.