Ұстаздар күні – шын мәнінде бүкіл халықтық мереке. Аталған күнге орай Қордай аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара өткізілді. Жиын барысында ауданның бірқатар ұстаздарына мемлекеттік және мерекелік марапаттар табыс етілді.
Мерекелік жиында сөз алған Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ұстаздар қауымына аудан әкімі Бегзат Болатбековтың жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде ұстаздықтың қоғамдағы орны мен мәртебесіне тоқталып, жастарды тәрбиелеу мен сапалы білім берудегі еңбектері үшін барша ұстаздарға алғыс білдірді.
Марапат иелеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, сондай-ақ өзге де бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда айрықша еңбегімен танылған бірқатар ұлағатты ұстаздар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты шара Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, ән мен биден шашу шашып, әдемі мерекелік кешке ұласты.