Кенен ауылында Қордай ауданы әкімдігінің қолдауымен, ауылдық округ әкімдігі, ауылдық мәдениет үйі және Кенен ұрпақтарының ұйымдастыруымен қазақтың біртуар ақыны, әнші-композиторы
Кенен Әзірбаев атындағы «Туған жер» атты I-ші Қордай аудандық әншілер байқауы өтті.
Ұлы тұлғаның шығармашылығын дәріптеу, өнерлі жастардың шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған мәдени шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлы, «Kenen Ata» қорының директоры Мұхтар Әзірбаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, К.Әзірбаев атындағы республикалық байқаудың жеңімпазы Шолпан Даражан және ҚР Мәдениет саласының үздігі, аталған республикалық байқаудың жеңімпазы Бейбіт Мұсаев қатысты.
Байқау басталар алдында жиналған жұрт Кенен бабаның рухына Құран бағыштап, тағзым етті. Одан кейін ауылдық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараның шымылдығы ашылып, алғы сөзді аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай сөйледі. Өз сөзінде ол: «Қанында туған жерге деген сүйіспеншілік бар азамат қай салада жүрсе де үлкен жетістікке жетеді. Осындай байқаулар жастардың талантын танытып, рухани дүниесін байыта түсетіні сөзсіз», — деп атап өтті.
Шара барысында Кенен Әзірбаевтың шығармаларына арналған кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, көрерменге үлестірілді. Кітапта әнші, композитордың халыққа танымал ән мәтіндері, өлеңдері, кең тараған әндерінің нотасы топтастырылған.
Байқаудың өтуіне бас демеушілікті белгілі кәсіпкер Асқар Жұмабаев жасаса, шараның жоғары деңгейде өтуіне Дабыр Мажирин, Дәулет Саламатов, Мұхит Әзірбаев, Ерік Бейсенбаев, Саят Медеуов, Өтеген Қуанышев сынды азаматтар атсалысып, оларға көпшіліктің айтар алғысы ерекше болды.
Ән додасына Қордай ауданының түкпір-түкпірінен келген 15 пен 35 жас аралығындағы кәсіби орындаушылар мен жас өнерпаздар қатысты.
Қос кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар композитордың «Бозторғай», «Ел қуанышы», «Алатау алабында», «Бұлбұлға», «Бозторғай», «Гигигай» секілді әндерін, сондай-ақ, шәкірттері Шолпанқұл Сейітов пен Асылқұл Бүрібаевтың әнін шырқау шегіне жеткізе орындап, тыңдарманның қошаметіне бөленді.
Байқау жоғары деңгейде өтіп, бас жүлдені (350000 теңге) қаржылай сыйлықты – Ерназар Дәкен жеңіп алды, жүлделі бірінші орынды (275000 теңге) — Әлихан Ылайхат пен Жанар Құрманқұл өзара бөлісті, ал жүлделі екінші орынға (175000 теңге) — Бекзат Мұстафаев пен Сәуле Джуатбекова лайық деп танылды, жүлделі үшінші орынды (125000 теңге)- Мөлдір Сұлтанқұл мен Ерхат Тәжібаев қанжығасына байлады. Ақынның туған жері Мәтібұлақ ауылының демеушілерінің арнайы жүлдесіне – Балдат Бейсеқожа, ал « Кенен ата» қорының арнайы жүлдесі — Мағжан Жөнербайға бұйырды.
Кеш соңы өнерлі ауылдан шыққан эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Әділет Құттыбай