Жұмысшы мамандардың беделін арттыру мақсатында, Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл
«Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды.
Осыған орай, аудандық орталық саябақта Жамбыл ауылдық округінің ұйымдастыруымен, «Адал еңбекпен, жарқын болашаққа!» атты өнер фестивалі өтті. Еңбек адамының маңыздылығын арттыру және жұмысшы мамандықтарды танымал ету мақсатында ұйымдастырылған ауқымды шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, округ әкімі Айдар Бірімқұлов, ауыл өнерпаздары мен аудан тұрғындары қатысты.
Шара бағдарламасы ауылдың өз өнерпаздарының қатысуымен өтті. Ән мен жырдан шашу шашылып, ұлттық салт-дәстүр көріністері көрсетілді. Саябақ ауласына киіз үй құрылды. Бауырсақ пісіріліп, келген қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Жастар мен бүлдіршіндер ойын-сауық құрды.
Сонымен қатар, ауылдық жергілікті қолөнершілер бірлесіп кітап және қолөнер көрмесін ұйымдастырды. Мұнда тарихи шығармалар, ақын-жазушылардың өміріне қатысты әдебиеттер және ұлттық бұйымдар жұрт назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, Еңбек күні Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткізілген шарада, ауылдың көркеюіне үлесін қосқан А.Хайтбаева, А.Еркибекова, Н.Сатова, Н.Инкабекова, М.Каримов, Н.Ерназаров, Е.Мықтыбеков, Г.Айткулова, Н.Жокеев, Э.Наджапкулова округ әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жыл соңында фестивальдің қорытындысы шығарылып, үздік қатысушыларға арнайы марапаттау беріледі.